Армрестлингтен аймақтық іріктеу басталды
Мәселен, Қонаев қаласында қол күресінен мүгедектігі бар спортшылар арасында Алматы облысының чемпионаты өтіп жатыр.
Оған тірек-қимыл қозғалысы аппараты, көру және есту қабілеті нашар азаматтар қатысуға мүмкіндік алды. Бұған қоса, жасы 16-дан асуы қажет. Олар екі жас ерекшелігі бойынша сынға түседі. Жарысқа Алматы облысының аудандары мен Қонаев қаласынан 100-ден астам спортшы жиналды. Мақсат - мүгедектігі бар жандарды оңалту және әлеуметтік тұрғыдан қалпына келтіру дейді жарыстың басы-қасында жүрген мамандар.
Нұрдәулет Құлсейітов, Облыстық мүгедектігі бар тұлғаларға арналған спорт дирекциясының басшысы:
- Жарыстың негізгі мақсаты - Алматы облысының құрама командасын жасақтау. Жеңімпаздар Тараз қаласында өтетін ел чемпионатында өнер көрсетеді. Алматы облысының қол күрес спортшылары жақсы деңгейде. Бұлар ел чемпионатына қатысып, 40 жолдама ұтып, әлем чемпионатына қатысқан болатын. Үлкен сенім білдіреміз спортшыларымызға.