Елордада практикалық атыстан ел біріншілігі басталды
Бұл Қазақстанда енді ғана дамып келе жатқан спорт түрінің бірі.
Жарысқа республиканың әр аймағынан 5 қаруын сайлаған 200-ден астам қатысушы келді. Дені әскерилер.
Практикалық атыс – елде енді ғана кең танымалдылыққа ие болып жатыр. Бұның өзгелерден ерекшелігі, нысаналарды бір орыннан тұрып емес, жүгіріп жүріп ату керек. Яғни кез келген бұрыштан оқ жаудырып, жаттығуды жылдам орындап шығу қажет.
Әділет Айымбеков, жарыс төрешісі:
- Бұл жерде тиген оқ-дәрінің қорытындысын бөлу арқылы өзінің коэффицентін шығарады. Сол арқылы жарыстың нәтижесі шығады.
- Қатысушылар қандай қарулармен атыс жүргізеді?
- Енді 4 класста өтеді. Модифайт, стандарт, продакшн және ашық open деп аталады.
- Қарапайым тілмен айтсақ.
- Модифайт деген классқа өзіміздің макаров тапаншасы, стандартта шетел тапаншалары, глок, чезет бар. Продкашнда шетелдік қарулар. Ал openда көздеу құрылғылары орнатылған.
Мұндай жарысқа екінің бірінің қатысу мүмкіндігі жоқ. Жолдама алу оңай емес. Ол үшін бірқатар анықтамалар мен қару қолдануға рұқсат беретін құжат қажет. Сондықтан да ел біріншілігінде бақ сынап жүргендердің дені әскерилер. Дегенмен IPSC жүйесіндегі барлық жарыстардан қалыс қалмайтын қарапайым азаматтар да бар екен.
Азамат Досқанаев, жарысқа қатысушы:
- Жарыстардың бәріне қатыстым. Қазақстан Республикасының чемпионаты, үлкен чемпионаттардың бәрі. Жақында осы Еуропа чемпионатына бардым. Қабанбай клубы атынан төртеуіміз бардық. Менің жасым 48-де. Жастармен жарысып жүрмін. Қалмауға тырысамын.
Бұл чемпионатта ерлермен қатар қаруын асынып бұрымдылар да мергендіктерін паш етіп жүр. Наталья Местоева осы практикалық атыс бойынша Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Айтуынша, ауыр қаруды тек білекті жігіттер ғана емес, нәзік жандылар да ұстай алады.
Наталья Местоева, практикалық атыстан әлем чемпионы:
- Өзге елдермен салыстарғанда бұл спорт түрі бізде әлі жас. Қазақстанда енді ғана дамып келе жатыр. Сондықтан да жарысқа келетін нәзік жандылардың қатары аз. Бірақ қызығушылық танытатындар жетерлік. Енді келесі жарыстарға бұрымдылар да келеді деген ойдамын.
Жалпы бұл жарыс 4 күн жалғасады. Шапшаң қимылдап, барлық нысаналарға дөп тигізгендерге ақшалай сыйақы да қарастырылған. Дегенмен турнирге қатысушылар бастысы жеңіс емес, сайыстың адреналинін сезіну дейді.
Авторлары: Риат Шони, Ақылбек Есімсеитов