Асық атудан ұлттық құрама команда жаттығуын бастады
Алматыда асық атудан ұлттық құрама команда жаттығуын бастады.
Команда сапында нәзік жанды арулар да бар. Олар биыл күзде Астанада өтетін Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында бақ сынайды. Дүбірлі дода бағдарламасына асықтың «бес табан» ойын түрі алғаш рет енгізілді. Енді спортшыларымыз намысты қолдан бермей, жеңіске жетуге барынша дайындаламыз дейді.
Кәмила Даниярова он жасынан асық ойнайды. Спортқа жаны жақын. Қазір дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Төрт жыл бұрын ұлттық құрамаға алынды. «Бес асықтың» шебері. Асықтың арқасында шетелге шықты. Екі жыл бұрын Румынияда болған Әлем кубогына қатыстып бірінші орын алды.
Кәмила Даниярова, ойыншы:
«Асық ойыны жас ерекшелікке қарамайды. Яғни жас баладан кәрілер де ойнай береді. Бірақ жарыс кезінде жас айырмашылығы бар. «Бірлік», «Екілік», «Сарт-сұрт» деген бар. «Алақан» деген бар. Яғни алақанға жинаймыз. «Нәби» деген бар. Сол бұрыннан келе жатқан ойындардың бірі».
Қыздар асық атпайды. «Бес асық» отырып ойнайтын ойын түрі. Басты шарты ептілік танытып, есептен жаңылмау. Ал шеңбер ойынына қатысатын жігіттер мергендікпен ғана жеңіске жетеді. Мысалы, қырғыздың «Ордо» ойынында сақаның орнына сиырдың топайы қолданылады. Шеңберде 70 асық болады. Ойыншы топайды алты метр жерден шиырып асықтарды шеңберден шығаруы керек.
Алмас Қарабаев, команда капитаны:
«Дайындығымыз өте сапалы өтуде. Құдай қаласа, алда тағы да төрт оқу жаттығу жиыны бар. Қыркүйек айына дейін жақсы дайындалып, жоғары жетістікке жетеміз деп ойлаймыз. Бұл жерге мен шәкірттерімді де алып келдім».
Жомарт Сабыржанов, асық атудан Қазақстан құрама командасының бас бапкері:
«Бізде өңірлерімізде 80 мыңдай бала айналысады қазір. 114 бапкеріміз бар. 60-тан аса спорт шеберін дйындадық осы уақытта. Олардың ішінен ұлттық құрамаға кіргендерді іріктеп алдық та міне осы оқу-жаттығу жиынын жүргізіп жатырмыз».
"Көксерек" фильмінен үзінді
Ата-бабаларымыз асықты 3 мың жыл бұрын ойнай бастады. Көненің көзіндей болған дәстүрлі ойын ұлттық мұраға айналды. Асық ату ЮНЕСКО-ның қорғауына алынды. Бүгінде ол Орталық Азия мен Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде бұқарлық спорт түрі ретінде дамып жатыр.
А. Садуақас, Р. Жақыпова