Ақтөбелік жас теннисші көпшілікті тәнті етіп жүр
6 жасында қолына ракетка ұстап, 7-ге толғанда жасөспірімдермен тең ойнайтын теннисшіні көрдіңіздер ме?
Ақтөбелік Медина есімді оқушы қыз көз ілеспес жылдамдығымен көпшілікті тәнті етіп жүр. Облыс орталығы маңындағы Құрашасай ауылында тұратын ол жергілікті мектептің үстел теннисі үйірмесінде жаттығады.
7 жасар Мединаның ракетканы сенімді ұстап, шарды шыр айналдыра ұрған соққысы ересек спортшылардан кем түспейді. Қарсыласын қапыда қалдырудың түрлі айла-тәсілін меңгеріп жүр. Облыс деңгейінде өткен бірнеше жарыста бақ сынап үлгерген.
Медина Амандық, оқушы:
- Жақында өткен жарыста мен деген барлығын ұтып алдым. Қыздарды, балаларды ұтып алдым. Жарыстар өте күшті болды. Маған ұнады. Үлкен балалармен, қыздармен ойнадым.
Мектеп алдындағы даярлық тобына келген баланың ептілігін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мұхит Әбдіғалиев байқаған. Ата-анасына үстел теннисі үйірмесіне әкелуге кеңес берген де сол. Тәжірибелі ұстаз бала күнінде пинг-понгтан әлем чемпионы болуды армандаған. Ендігі мақсаты – халықаралық деңгейде кәсіби спортшыны тәрбиелеу.
Мұхит Әбдіғалиев, үстел теннисі үйірмесінің жетекшісі:
- Медина қазір бізде 2005 жылы туған, одан кіші және 2009 жылы туған спортшылар арасында кеше қатысып, жарысқа финалдық турға дейін өтті де, енді әрі қарай оқушылар жоғары жастағы болғаннан кейін деңгейі өте жоғары ғой, оларға кішкене әліміз жетпей жатыр. Енді алдағы уақытта 2013 жылы туған және одан кіші жастар аралығындағы спортшылардың арасында жарыс өтеді. Сонда қатысып, сол мезгілде бір жарыстардан орын алуға үміттімін.
Аптасына 6 рет жаттығатын ауыл балалары сенбі күні облыстық мамандандырылған спорт мектебіне барады. Бұл жерде өзге өңірлерден келген спортшылармен күш сынасуға мүмкіндік бар. Жас теннисшілер кәсіби бапкерлердің көз алдында өседі. Мединаның талантын байқаған олар әлемдік деңгейдегі әріптестеріне де таныстырып үлгерген.
Әсет Сағымбаев, үстел теннисі орталығының директоры:
- Франциядағы «Хеннибал» академиясының мамандары қызығушылық танытып отыр. Мединаның жылдамдығы мен ептілігіне тәнті болған. Ұшқан шарды мүлт жібермейтін қырағылығы да бала күнінен байқалады, – дейді. Бұл – кәсіби спортшыларға тән қасиет.
Мектептегі үстел теннисі үйірмесіне Мединадан бөлек, 30-ға жуық бала қатысады. Дені – қалалық және облыстық жарыстардың жүлдегерлері. Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткерлер де бар.
Авторлары: Мансур Есқожин, Айнадин Молдабеков.