Италияда бокстан лицензиялық турнир басталды
Париж Олимпиадасына 4 айдан аса уақыт қалды.
Ал ұлттық құрама қоржынындағы жолдамалар саны 20-ға да жетпейді. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Жазғы ойындарға дейін жолдаманың жалпы санын 70-тен асыру көзделіп отыр. Осыған байланысты қазақстандық қыз-жігіттер қазір әлемнің түкпір-түкпіріндегі лицензиялық жарыстарға қатысып жатыр.
Бокстан лицензиялық турнир
Сәкен нокаутпен жеңіске жетті. Италия төрінде бокстан көпшілік тағатсыздана күтіп жүрген лицензиялық турнир басталды. Жарыстың алғашқы күні ең жеңіл салмақтағы жекпе-жектер өтті және ұлттық құрама сапынан алғаш болып шаршы алаңға Сәкен Бибосынов шықты. Ол гонконгтық Каннет Чун Хим Танмен жолығып, қарсыласын техникалық нокаутпен ұтты. Сәкеннің соққыларынан Каннет 3 мәрте есеңгіреп, төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Енді жерлесіміз келесі айналымда кениялық былғары қолғап шеберімен жолығады. Олимпиада жолдамасына қол жеткізу үшін осылай жартылай финалға дейін жетуі керек.
Айта кетейік, Бусто-Арсицио қаласындағы турнир 11 наурызға дейін жалғасады. Оның аясында 49 жолдама сарапқа салынбақ. Әлемдік аламанға еліміз атынан 11 боксшы қатысып жатыр. Оның алтауы ерлер арасында. Яғни Сәкеннен бөлек, Махмұд Сабырхан, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Асланбек Шымбергенов және Айбек пен Нұрбек Оралбайлар жұдырықтасады. Әйелдер арасында 5 боксшымыз жолдамаға қол созып көреді.
Айта кетейік, қазірдің өзінде ұлттық құрама қоржынында 2 лицензия бар. Оны былтыр Ханджоудағы Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев пен орта салмақтағы Карина Ибрагимова жеңіп алды.
Дзюдодан әлемдік гранд-слэм
Дзюдошыларымыз да Олимпиадаға қажетті ұпайды түгендеп жатыр. Күні кеше Ташкент қаласында әлемдік гранд-слэм өтті. Байрақты бәсекеге 26 спортшымыз аттанып, біреуі ғана жүлдеге ілікті. Атап айтқанда, ең жеңіл салмақтағы Әбиба Әбужақынова күміске қол созды. Ол барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, финалда ғана есе жіберді. Ақтық сында жарысқа бейтарап спортшы ретінде қатысқан ресейлік Сабина Глиязовамен жолыққан болатын.
Айта кетейік, Әбиба жарақатына қарамастан жыл басынан бері осындай деңгейдегі 3 жарысқа қатысты және үшеуінде жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтқанда, бұған дейін Португалиядағы гран-при мен Әзербайжандағы гранд-слэмде қола жүлдегер атанған болатын. Ал қалған жерлестеріміз үздік үштікке іліге алмады. Ерлер арасында Елдос Сметов пен Данияр Шамшаев бір табан жақын болған. Бірақ соңғы кездесулерде қатаң ескертулер алып, жарыс жолынан шығып қалды.
Айта кетейік, дзюдода Олимпиада жолдамалары жазғы ойындар жақындағанда спортшылардың әлемдік рейтингтегі ұпайларына байланысты үлестіріліп беріледі.
Су спорттарынан Азия чемпионаты
Қазақстан Шри-Ланканы ұтты. Филиппин елінің Нью-Кларк-Сити қаласында су спорты түрлерінен Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні су добынан іріктеу кезеңі басталды.
Айта кету керек, ерлер арасындағы бәсекеде Қазақстан «В» тобында өнер көрсетеді. Жерлестеріміз алғашқы ойында Шри-Ланкамен кездесіп, 43:1 есебімен жеңіске жетті. Енді ұлттық команда өкілдері топтық кезең аясында Иран және Малайзия жігіттерімен жолығады. Қазақстанның қыздар құрамасы да алғашқы ойында Шри-Ланканы айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп: 43:4. Ұлттық команда сапындағы Дарина Сембек 10 мәрте, Анель Алтыбасарова 6 мәрте, ал Алина Озкая, Яна Мартынова және Ангелина Лемачколар 3 мәрте мергендігімен көзге түсті. Қыздар арасындағы бәсеке айналмалы жүйе бойынша болады. Яғни жерлестеріміз алдағы күндері Жапония, Таиланд, Өзбекстан, Сингапур және Қытай құрамаларымен кездеседі. Жеңімпаз команда жалпы есептегі ұпай көрсеткішімен анықталады.
Егор Белоусов, су добынан ұлттық команда капитаны:
- Алғашқы кездесуде барымызды салып, ірі есеппен жеңіске жетуге тырыстық. Осы арқылы жігіттерге мотивация бердік. Жалпы құрлықтық жарысқа алтын жүлде алуға ғана келдік. Өз басым үшін бұл – үлкен тәжірибе. Бұған дейін Таиландтағы Азия чемпионаты мен Қытайдағы Азия ойындарына қатыстым.
Жарыстың кезекті күні көркем жүзу бойынша да медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Әсіресе аралас топтық сайыста ұлттық команда өкілдері сәтті өнер көрсетіп, алтын жүлдегер атанды. Бұл сынға еліміз атынан Милана Ашаханова, Карина Доценко, Сәния Гибадуллина, Даяна Жаманшалова, Альбина Өмірсерікова, Аяулым Жақпаева және Перизат Багаева сияқты қыздар қатысқан болатын. Нью-Кларк-Сити қаласындағы құрлықтық дода 9 наурызға дейін жалғасады.