Қазан қаласында өткен «Болашақтың ойындары» кибер-бәйгесі аяқталды
Ресейдің Қазан қаласында өткен «Болашақтың ойындары» кибер-бәйгесі өз мәресіне жетті.
Дүбірлі додаға 100-ден аса елден 2 мың спортшы жиналып, бақ сынасты. Оның ішінде 50-ге жуық отандасымыз бар. Қазақстандықтар фиджитал спорттың 13 түріне қатысты. Нәтижесінде Counter-Strike 2 ойынында қарсылас шақ келтірмей, дота 2 мен World of Tanks-та да өзгелерге шеберлік көрсетті.
«Болашақтың ойындары». Gamedev пен робототехника, виртуальды әлем һәм шынайы өмір бітеқайнасқан бірегей ойын. Спортшының білімін де, білегін де сынаған сайысты жер жаһан түгел тамашалады. Отандастарымызға қолдау көрсету үшін Қазақстаннан арнайы келген жанкүйерлер де осында.
Кирил Миличкин, жанкүйер:
- Мен осы ойынды көру үшін арнайы Алматы қаласынан келдім. Фиджитал деген жаңа дүние. Сондықтан да қызық. Қазақстандағы киберспорттың болашағы мықты деп ойлаймын.
Фиджитал спорт – бұрын-соңды болмаған жаңа бастама. Әсіресе, көрермендер заманауи технологияның дәстүрлі спортпен ұштасқанын жылы қабылдады. Отандастарымыздың ішінен алғашқы болып сайысқа фиджитал хоккейшілер шықты. «Кибер Барыс» командасы 1/8 финалға дейін жетті.
Бекзат Аманов, тілші:
- Бұл сайыстың бір ерекшелігі – ойыншылардың интелектуалды һәм физикалық біліктілігі бірдей қаралады. Мысалы, хоккей ойынында алдымен ойыншылар ана тұрған экранның алдына отырып, джойстик арқылы виртуалды хоккейдей бақ сынасса, кейін шынайы мұз айдынына шығып, кәсіби хоккейден өз арасынан мықтыны анықтайды.
Әділ Аманжолов, сайысқа қатысушы:
- Ледта қиын болды шамалы, ал киберде оңайырақ. Киберде от меня зависит. Ал ледта командный вид спорта болғандықтан қиындау. Ойнап жатқан кезде шатасып қалуымыз мүмкін. 3 бала бар, киберспортмен бізде. Қалғандары хоккей ойнайтын балалар.
Қазақстандық киберспортшылардың жұлдызы Counter-Strike 2 һәм лазертег бәсекесінде жанды. 5 отандасымыз өнер көрсететін xGOD командасы қарсылас шақ келтірмей, финалда ресейлік ұжымды тас-талқан етіп жеңді. Соның арқасында қанжығасын 175 мың доллармен майлады. Одан бөлек, Дота 2, standoff, World of Tanks-та кибер-спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетті.
Темірлан Байдәулетов, ҚР киберспорт федерациясының менеджері:
- Қазақстандық спортшылар өте жақсы өнер көрсетті. Әсіресе, Counter-Strike сайысы ерекше есте қалды. Командадағы жігіттер де, бапкері де өзіміздің отандасымыз. Сондай-ақ, спортшыларымыз standoff пен Warface ойынында да қарсыластарға дес бермеді. Бұл қызық жоба екен. Жүлде қоры да қомақты.
Елде киберспорт инфрақұрылымы жылдан жылға қарқынды дамып келеді. Алғаш рет 2018 жылы ресми спорт түрі болып бекітілді, содан бері жүздеген турнир өтті. «Болашақтың ойындары» турнирінде қол жеткізген нәтиже осы еселі еңбектің жемісі. Айтпақшы, фиджитал турнирдің ашылу рәсімінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мультиспорттық турнирды Қазақстанда өткізуді ұсынған еді. Бұл да елдегі киберспорттың өркендеуіне елеулі үлес қосары сөзсіз.
Авторы: Бекзат Аманов