Италиядағы лицензиялық турнир: Р. Волосенко ширек финалда

«Реал мадрид» пен «Манчестер сити» ширек финалға шықты.

Осы күндері футболдан УЕФА Чемпиондар лигасы өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні жанкүйерлер тағатсыздана күтіп жүрген матчтар болды.

ЧЛ: «Реал» ширек финалға шықты

«Реал» «Лейпцигті» жеңе алмады. Бірақ ширек финалға шықты. Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңі жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні испаниялық және германиялық клубтар Мадрид қаласында жолықты. Ойынның бірінші бөлігінде есеп ашылмады. Алғашқы гол 65-ші минутта соғылды. Алаң иелері сапындағы Винисиус Жуниор Джуд Беллингем пасын ұтымды пайдаланып, өз командасын алға шығарды. Араға 3 минут салып, қонақтар қатарындағы Вилли Орбан таразы басын теңестірді және осы нәтиже матч соңына дейін өзгермеді. Қорытынды есеп: 1:1.

Айта кетейік, Лейпциг қаласындағы бірінші ойында «Реал» 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Сәйкесінше «Реал» қос ойын қорытындысы бойынша 2:1 есебімен басым түсті және жарысты әрі қарай жалғастырады.

Айта кетейік, «Реал Мадрид» чемпиондар лигасының биылғы маусымында «Лейпцигтен» бөлек, «Наполи», «Брага» және «Унион» клубтарын да ұтты. 

 

ЧЛ: «Мансити» «Копенгагенді» ұтты

Ал «Манчестер сити» «Копенгагенді» ұтты. Чемпиондар лигасы ширек финалының тағы бір жолдамасы Манчестер қаласындағы «Этихат Аренада» сарапқа салынды. Бірден айта кетейік, Данияда өткен алғашқы матчта ағылшын клубы 3:1 есебімен жеңіске жеткен еді. Англиядағы ойында да алаң иелері ә дегеннен басымдықты өз қолдарына алып, тағы да 3:1 есебімен басым түсті. Нақтырақ айтқанда, 5-ші минутта Мансити сапындағы Мануэль Аканджи мүмкіндігін сәтті пайдаланып, есеп ашты. Араға бірер минут салып, командаласы Гулиан Альварес таблодағы нәтижені еселеді. Бірінші кезең соңына дейін Эрлинг Холанд да мергендігімен көзге түсті. Ал қонақтар сапынан Мохамед Эльюнусси ғана қарымта бір доп соқты. Осылайша, қос ойын қорытындысы бойынша 6:2 есебімен «Мансити» сенімді түрде жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Чемпиондар лигасы аясындағы матчтар енді 13 наурызда өтеді. Алдағы аптада Арсенал, Атлетико, Барселона, Боруссия, Наполи, Порту және Интер сияқты клубтар ширек финал жолдамасына таласады.

 

Бокстан лицензиялық турнир

Қазақстандық боксшылар 10 рет шаршы алаңға шығып, 10 мәрте жеңіске жетті. Дәл қазір Италияның Бусто-Арсицио қаласында былғары қолғап шеберлерінің лицензиялық турнирі жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні жерлестеріміз арасынан ең бірінші болып рингке Сәкен Бибосынов шықты. Ең жеңіл салмақтағы боксшымыз кениялық Давид Каранжи Мачариямен жолықты. Жекпе-жек 3 раундқа созылды және нәтижесінде төрешілер шешімімен Сәкен жеңімпаз атанды.

Айта кетейік, ол алғашқы айналымда гонконгтық қарсыласын нокаутпен ұтқан болатын. Артынша оның жеңіс жолын ауыр салмақтағы Айбек Оралбай жалғады. 92 келіге дейінгілер арасында өнер көрсететін ұлттық құрама өкілі үндістандық Санжит Санжиттен басым түсті.

Айта кетейік, Италиядағы лицензиялық турнирге бірдей боксшымыз аттанды. Барлығы да бірінші кездесулерін сәтті өткізіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Егер осы қарқынды жоғалтпай, жартылай финалға дейін жетсе, Париж Олимпиадасының жолдамасын алады. Қазақстандық жігіттер алдындағы негізгі мақсат та осы.

 

Римма Волосенко ширек финалда

Ал Римма Волосенко ширек финалға шықты. Италиядағы лицензиялық турнирде әйелдер арасындағы бәсекелер де болып жатыр. Бұл сында 5 бірдей жерлесіміз өнер көрсетеді. Араларынан орта салмақтағы Римма Волосенко алғаш болып ширек финалға жолдама алды. Ол бүгінге дейін 3 кездесу өткізіп, үшеуінде жеңіске жетті. Күні кеше уругвайлық Паола Пинейродан басым түсті. Тіпті 2-ші раунда қарсыласын есеңгіретіп, төреші нокдаун ашуға мәжбүр болды. Енді Римма үшін Париж Олимпиадасының лицензиясына бір ғана қадам қалды. Яғни келесі кездесуде словакиялық Мирослава Единакованы жеңіп, жартылай финалға шығуы қажет.

Айта кетейік, әйелдер арасында әзірге бір ғана боксшымызда лицензия бар. Оны былтырғы Азия ойындарында 57 келіге дейінгілер арасындағы Карина Ибрагимова жеңіп алды. Римма Волосенко болса, келесі кездесуін бүгін өткізеді. Бұған қоса бүгін Мұхамедсабыр Базарбайұлы, Астанбек Шымбергенов және Айбек Оралбайлар да шаршы алаңға шығады. Бусто-Арсицио қаласындағы турнир 11 наурызға дейін жалғасады.

 

Қос қазақ қолғап түйістіреді

Қос қазақ қолғап түйістіреді. Италиядағы лицензиялық турнирде алғаш рет Қазақстан бокс мектебінің өкілдері кездеседі. Жаңа ғана белгілі болғандай, 51 келіге дейінгілер арасында Сәкен Бибосынов пен Азат Махметов жұдырықтасады.

Айта кетейік, Азат бүгінгі таңда Бахрейн елінің атынан сынға түсіп жүр. Ол бұған дейін 2 мәрте Қазақстан чемпионы болды. «Астана арландары» сапында да өнер көрсетті. Кейін азаматтығын ауыстырды. Ал Сәкен Бибосынов болса қазір осы салмақта еліміздің үздігі. Әлем чемпионы әрі Олимпиада жүлдегері.

Қос мықты 10 наурыз күні шаршы алаңға шығады және ширек финал жолдамасын сарапқа салады. Жалпы бокстан әлемдік аренада қос қазақ жігітінің кездесуі бірінші рет емес. Бұған дейін Қанат Ислам мен Бақыт Сәрсекбаев, Нұрбек Оралбай мен Тоқтарбек Таңатқан, Айбек Оралбай мен Мадияр Саидрахимовтар жолыққан еді. Бірақ Қазақстанда туған екі боксшының екі елдің атынан шығып, өзара мықтыны анықтауы алғаш рет болғалы тұр.