Тоғызқұмалақшылар көшпенділер ойынына дайындалып жатыр
Тоғызқұмалақтан Қазақстан құрамасы қыркүйекте Астанада өтетін көшпенділер ойынына қызу дайындалып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Ұлттық құраманың бас бапкері – еліміздің 4 дүркін чемпионы Айнұр Жақапбаева. Айнұр Әбсадыққызы тоғызұмалақты халық жадында жаңғыртып, жастарға үйретуден жалыққан емес.
Айнұр Әбсадыққызы тоғызұмалақты осыдан 40 жыл бұрын мектепте оқып жүргенде ұстазы Бақытжан Оспанұлынан үйреніпті. Кейін оқушылар арасында өтетін республикалық жарыстарға қатысады. Сонда Әбілда Ақшораев, Серікбай Тілеубаев сынды ұлттық ойынды жаңғыртушы жандардың тәлім-тәрбиесін алады. Тоғызқұмалақ – ойлылардың есеп ойыны. «Ойын басталғанда есептен жаңылсаң, жеңіске жетуің қиын», – дейді бапкер.
Айнұр Жақапбаева, тоғызқұмалақтан ұлттық құрама команданың бас бапкері:
- 162 құмалақты есептеп отырып, одан бөлек, жүріс есептеп отыру керек. Әр құмалақ, мысалы, бірінші отауда жатқан бір құмалақ 9-шы отауға жеткенше тоғыз жүріс керек. Сол сияқты әрбір 162 құмалақтың есебін санап отыру керек. Одан бөлек, жұп, тақ қылып, енді тұнып тұрған математика деп айтсақ болады бұны.
1990 жылдардың басында елімізде тоғызқұмалақ жанданады. Әртүрлі жарыстар ұйымдастырылады. Көзі нашар көретіндер арасында да республикалық біріншілік өтеді. Зағиптар қоғамының мүшесі Мұсрат Елібакиев сол біріншіліктің алғашқы чемпионы атанады. Кейін ойынға қажетті ағаш тақтаның сызбасын әзірлейді. 2004 жылы Талғар қаласында қазіргі жалпы қолданыстағы тақтаны жасап шығарады.
Мұсрат Елібакиев, жаттықтырушы:
- 5-6 түрін шығарып, содан соң әрбір жылы біз бұны жетілдіріп, осы деңгейге келдік. Мынаның өлшемі: 47/40 см. Бір отауда 20 тас сыю керек. Соған мынау 12 мм құмалақтар үлкен адамға қолына ұстауға өте ыңғайлы.
2010 жылдан бері ұлттық зияткерлік ойыннан 6 рет әлем және Азия чемпионаты өтті. 2018 жылы Қырғызстанда өткен көшпенділер ойынында Айнұр Әбсадыққызы ұлттық құрамамен алтын жүлдені жеңіп алады. Биыл көшпенділер жарысы Астанда қыркүйек айында болады.
Айнұр Жақапбаева, тоғызқұмалақтан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Сол V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына біздің командамыз толығымен жасақталып, оқу-жаттығу жиындарында дайындық өтіп жатыр. Жалпы тоғызқұмалақ федерациясы осы көшпенділер ойынында 3 блокқа жауап береді. Ол – зияткерлік ойындар. Тоғызқұмалақ және Африканың увари ойыны және Түркия елінің мангала ойыны.
Қазақстанға еңбегі сіңген бапкер Айнұр Жақапбаеваның шәкірттері үнемі халықаралық жарыстардан жүлдемен оралып жүр. Астанада өтетін көшпенділер ойынында да барын салатыны анық.
Авторлары: А. Садуақас, С.Жұмабаев.