Таэквондошылар жарысқа шапан киіп аттанды
М. Айтжанов: Барлығы ауызбіршіліктің арқасы
Барлығы ауызбіршіліктің арқасы. Боксшыларымыздың лицензиялық турнирдегі нәтижесіне қатысты ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов осындай пікір білдірді. Ол olympic.kz сайтына берген сұхбатында Италиядағы айтулы аламанды қорытындылап, бәсекелестік жағынан әлем чемпионттарынан кем еместігін жеткізді. «Олимпиадаға жолдама беретін жарыс ешқашан да төмен деңгейде өтпейді. Мұндағы бәсекелестік тым жоғары болды», - дейді. Бұған қоса «5 жігітіміздің жолдамамен келгені жанкүйерлердің ақ тілегі мен ақсақалдардың ақ батасы. Мен бұрыннан ауызбіршілікті алға қоямын. Бірлік болса, алынбайтын қамал жоқ. Міне, осы сапарымызда да ауызбіршілік салтанат құрды», - деп сөзін түйіндеді Айтжанов.
Айта кетейік, Бутцо-Арцисио қаласындағы лицензиялық турнирге 6 боксшымыз аттанып, 5 жолдамамен оралды. Бұған қоса, былтыр Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев та лицензия жеңіп алған болатын. Яғни, ерлер боксындағы 7 салмақтың 6-на анық қатысамыз. Ал жетіспей тұрған бір жолдамаға боксшыларымыз мамыр айында Таиландта өтетін соңғы іріктеу жарысында қол созып көреді.
Лицензиялық турнир қорытындысы
Головкиннің қолдауы жігіттерге ерекше әсер етті. Тіпті, оятты десем, артық емес. Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Ұлттық олимпиадалық комитеттің жаңа президентіне қатысты осындай пікір білдірді. Бұны да olympic.kz сайты жариялады.
Айта кетейік, танымал боксшы Италиядағы лицензиялық турнирге арнайы барып, ел намысын қорғап жатқан қыз-жігіттермен бейресми форматта жолыққан болатын. Кейін жарыс өтіп жатқан алаңда да барынша қолдау танытты. «Головкин бокс әлеміндегі даңқты тұлғалардың бірі әрі Қазақстаннан шыққан жұлдызды спортшы. Сондықтан, оның командаға жігер беріп, әр боксшыға ақыл-кеңесін айтқаны үлкен демеу болды. Біздің жігіттерді оятты десем, артық емес», - дейді Айтжанов. Тағы бір айта кетерлігі, бұл Геннадий Головкиннің Ұлттық олимпиадалық комитет президенті қызметіне сайланғалы алғашқы іссапары.
Олимпиада чемпионы жас боксшылармен кездесті
Қазақстаннан олимпиаданың бір емес, бірнеше дүркін чемпионы шығуы қажет. Ол үшін қазірден бастап жас боксшылармен дұрыс жұмыс істеу маңызды. Бұл жөнінде Олимпиада чемпионы әрі Вел Баркер Кубогының иегері Бақияр Артаев мәлімдеді. Даңқты былғары қолғап шебері елордадағы №3-ші спорт мектебіне арнайы барып, жергілікті өрендермен және олардың бапкерлерімен жолықты. Ақыл-кеңесін айтты. Сұрақтарына жауап берді. Кейін дайындық барысын да бақылады.
Айта кетейік, алдағы аптада Астанада Бақтияр Артаевтың жүлдесіне арналған бокс турнирі өтеді. Жасөспірімдер арасындағы жарыс алғаш ұйымдастырылайын деп тұр. Халықаралық бәсекеге өзіміздің боксшылардан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейден де қатысушылар келеді деп жоспарланып отыр.
Таэквондошылар жарысқа шапан киіп аттанды
Айтпақшы, дәл осы таэквондошылар Қытайдағы құрлықтық додаға ерекше үлгідегі шапанмен аттанды. Ұлттық құрамамыздың формасы қазір әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, көпшіліктің сүйіспеншілігін туғызып жатыр. «Жарыс алдында спортшылардың киімі жайлы ұзақ ақылдастық. Жігіттерге классикалық стильдегі костюм-шалбар кигізуді жөн көрдік. Бірақ бұл нұсқа қыздарымызға келе қоймады. Осы кезде ұлттық шапанымызды жаңғырту туралы ой туды», - дейді Қазақстан таеквондо федерациясының бас хатшысы Олжас Бесбаев. Кейін олар отандық өндірушіге арнайы тапсырыс берген. «Шапанда сақ дәуіріндегі бейнелер таңбаланған. Көк байрағымыздағы элементтермен де бар. Су өткізбейді, ыстықтатпайды. Бәрі таңқалып жатыр. Бұл жас спортшыларымыздың ұлттық рухын көтеруге де әсер етері сөзсіз», - деп сөзін түйіндеді бас хатшы.