Ақтөбедегі балабақшада үстел теннисі үйретіледі
Ақтөбелік балдырғандар үстел теннисін үйреніп жүр, деп хабарлайды 24KZ.
Өңірде спорттың бұл түрін балабақшадан бастап игеруге болады. Теннис орталығының мамандары олар үшін арнайы жаттығу бағдарламасын дайындаған. Бапкерлер болашақ чемпиондарды осы жастан бастап тәрбиелеуді көздейді.
Айдар Ережеп, балабақша тәрбиеленушісі:
- Мен теннис үйреніп жатырмын. Теннис күшті. Мен ертең өскен кезде теннисті қатты ойнаймын. Сосын чемпион боламын. Медаль аламын.
Бұл балабақшаның тәрбиеленушілері тенниспен етене таныс. Мектепке дейінгі мекемеде үлкен теннис үйірмесінің ашылғанына 15 жылдан асты. Бала күнінен ракетка ұстап, артынша кәсіби спортқа бет бұрған түлектер де бар. Сондықтан ата-аналар биыл дене шынықтыру бағдарламасына үстел теннисін қосуды бірден қолдаған.
Ботагөз Құсмамбетова, балабақша меңгерушісі:
- Балдырғандар үшін спорттың маңызы зор. Денсаулықты нығайтумен қатар салауатты өмір сүру үрдісі де бала күннен қалыптасады. Шұғыл шешім қабылдауға, жылдамдық пен ептілікке үйрететін үстел теннисін балаларымыз қызыға ойнайды деп ойлаймын.
Әзірге балаларға үстел теннисінің қыр-сырын облыстық спорт мектебінің бапкерлері үйретіп жүр. Оған қоса дене шынықтыру нұсқаушыларына да шеберлік сағатын өткізеді. Арнайы бағдарламаны игерген педагогтар жаттығуды өздері де жүргізеді.
Ерлан Ыбыраев, үстел теннисінен облыстың аға бапкері:
- Балалар бастапқыда ракетканы дұрыс ұстау, шарды ракеткеның үстіне қойып, тепе-теңдік сақтау сияқты қарапайым жаттығулар ғана жасайды. Келесі кезеңде шарды қағып алу, бірге қозғалу сияқты ептілігін дамытамыз. Ойынға қызыққандар болашақта біздің орталықта жаттығуын жалғастыра алады.
Үстел теннисін балабақша бағдарламасына енгізу бұқаралық спортты дамытудың бір қадамы ғана. Бастапқыда 500-ден астам бала қамтылады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш мың жарымнан асуы тиіс.
Әсет Сағымбаев, Үстел теннисі орталығының директоры:
- 5-6 жасар балаларға арналған жаттығу бағдарламасын Франция, Германия, Қытайдың тәжірибесіне сүйеніп жасадық. Жалпы үстел теннисінен әлем чемпиондары, Олимпиада жүлдегерлерінің барлығы да балабақшадан бастап шұғылданады. Біздің балалар да болашақта чемпион болатынына сенімдімін.
Спорттық құрал-жабдықтар жыл соңына дейін 20 балабақшаға жеткізіледі. Бұдан бөлек, өзге облыстардан хабарласып, тың жобаға қызығушылық танытқандар да бар.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков.