Данил Васильев әлем кубогында топ жарды
Тағы бір тарихи нәтиже. Қазақстандық Данил Васильев шаңғымен тұғырдан секіру бойынша әлем кубогында топ жарды.
Байрақты бәсеке Польшаның Закопане қаласында болды. Данил үлкен трамплиннен секіруде бақ сынап, ең үздік көрсеткішті тіркеді. Екінші орынға германиялық Мартин Хамам тұрақтаса, австриялық Ульрих Волгенант үздік үштікті түйіндеді. Айта кету керек, Данил отандық шаңғымен тұғырдан секіру тарихында алғаш рет ересектер арасындағы әлем кубогында жеңіске жетіп тұр. Сонымен қатар осы жарысқа биыл Канвондағы жасөспірімдердің қысқы олимпиадасында чемпион атанған жерлесіміз Илья Мизерн де қатысты. Ол жалпы есепте 15-ші орынға жайғасты. Аталмыш спортшылардан да Милдандағы қысқы олимпиадада зор үміт күтеміз.
Париждегі жағы олимпиадаға 2 таэквондошымыз барады
Қытайдың Тайань қаласында аталмыш жекпе-жек түрінен лицензиялық турнир аяқталды. Азия аймақтық іріктеуге 33 елден 100-ге жуық спортшы қатысқан болатын. Араларында 4 бірдей жерлестеріміз бар. Қазақстандық қыз-жігіттер арасынан ең бірінші болып жолдамаға Батырхан Төлеуғали қол жеткізді. 80 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Батырхан жартылай финалда Сауд Арабиясы өкілін жеңді. Осылайша, 17 жастағы спортшы алғаш рет жазғы ойындарға қатысқалы отыр.
Айта кетейік, Батырхан жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегер әрі ересектер арасында Қазақстан Спартакиадасының жеңімпазы. Кейін оның жеңіс жолын 58 келіге дейінгілер бәсекесінде қазақстандық Самирхон Абабакиров жалғады. Ол жартылай финалда Филиппин өкілінен басым түсті. Ал қыздарымыздың жолы болмады. Ел намысын Жансель Дениз бен Мария Севастьянова қорғаған болатын. Қос спортшымыз да финалға жете алмады. Еске сала кетейік, олимпиадалық лицензия әр салмақта ақтық сынға шыққан 2 спортшыға ғана беріледі.
Лицензиялық турнирге дайындық
Ал Жәмила Бақбергенова, Мейіржан Шермаханбет және Нұрғожа Қайпановтар енді жолдамаға қол созып көреді. Күрес түрлері бойынша лицензиялық турнир тура бір айдан кейін Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында болады. Көрші елдегі байрақты бәсекеге 16 спортшымыз аттанады. Олар жыл басында Қазақстан чемпионатында іріктеліп қойған еді. Әсіресе әйелдер арасында Жәмила Бақбергенова, Елена Шалыгина және Жұлдыз Ешімова сияқты тәжірибелі палуандарға үміт артылып отыр. Ал еркін күресте Ерасыл Мұхтарұлы, Майис Әлиев, Нұрғожа Қайпанов және Юсуп Батырмұрзаевтар бозкілемге шығады. Грек-рим күресінде Айдос Сұлтанғали, Мейіржан Шермаханбет, Демеу Жадыраев, Олжас Сырлыбай және Әлімхан Сыздықов ел намысын қорғамақ. Париж олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынатын жарыс 19-шы және 21-ші сәуір аралығында өтеді.
Василий Жиров боксшыларымызға көмектеседі
Василий Жиров боксшыларымызды олимпиадаға дайындайды. Бұл жөнінде қазақстанық спорт порталдары жарыса жариялап жатыр. Ардагер боксшы Legalbet.kz тілшісіне берген сұхбатында ұлттық құрамаға бапкер ретінде көрмектесетінін жеткізген. «Италиядағы лицензиялық турнирге олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Қазақстан бокс федерациясы шақырды. Сол жерде Головкин екеуіміз әңгімелестік. Мен енді отандық боксшыларға көмектесемін. Ал қалай көмектеседі дегенге келсек, бапкер боламын. Яғни ерлер және әйелдер құрамасына да жаттықтырушы ретінде өз үлесімді қосамын. Менің жаңа жұмысым осы болмақ», - дейді Василий Жиров.
Айта кетейік, ол бокстан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы саналады. Бұған қоса, үздік былғары қолғап шеберіне берілетін Вэл Баркер кубогын да жеңіп алды. Василий Жиров соңғы жылдары АҚШ-тың Феникс қаласында тұрып жатыр. Сол қалада өзінің жаттығу залын ашып, бапкерлікпен айналысып жүргені туралы ақпараттар бар.