Құсбегілер Көшпенділер ойынына сақадай сай
Еліміздегі ең кәрі бүркіт Ақмола облысына қарасты Тасбұлақты ауылында мекен етеді, деп хабарлайды 24KZ.
Әдетте қартайған қыран құсты тауға апарып, өз еркіне жібереді. Бірақ қолға үйретілген «Күннің бұл еркесі» әуеде ары-бері айналшықтап, иесінен алысқа ұзай қоймаған. Мұны көрген құсбегі «жеті қазынаға» кіретін жыртқышын өмірінің соңына дейін күтіп-баптауға көнеді.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Бұл ұябасардың есімі – Ақбалақ. Жасы 30-ға жуықтап қалды. Салмағы шамамен 5-6 келі. Әлі өз бабында. Осыған байланысты алдағы Көшпенділер ойынына да қатысып қалуы бек мүмкін.
Киелі құс – Арманбек Күнтуған мен оның бауырларына әкесінен қалған көп мұраның ішіндегі асылы. Тәжірибелі құсбегі қолындағы «көк иелерінің» тілін жетік меңгерген. Біраз жарыста жүлделі орындардан көрінуі осыған дәлел.
Арманбек Күнтуған, құсбегі:
- Кезінде талай чемпионатта әкем орындар алған. Содан кейін 2013 жылы халықаралық фестивальда екінші орын алған. Одан кейін мен көтердім. Біраз турнирде орын алған.
Құсбегілік спортына қыран бүркіттен кейін ителгі мен қаршыға кіреді. Кейіпкеріміздің 3 жасқа аяқ басқан қаршығасы да бар. Күзде өтетін ірі додада намысты қолдан бермеуге тырысамыз, – дейді.
Арманбек Күнтуған, құсбегі:
- 59 мемлекеттен келеді деп жатыр. Бұл жерде нәтиже мен қазақтың намысын көрсету керек. Негізі құсбегілік өнер Қазақстаннан шыққан. Кейін араб елдеріне жеткен. Моңғолия мен Қырғызстан – басты бәсекелесіміз. Кіші құстардан араб мемлекеттері бар.
Бұл ұлттық спорттың күрделігіне қарамастан саятшылықты таңдап жатқан жас көп. Олардың қатарында Арманбектің бауырының баласы Ерасыл да бар.
Ерасыл Серікбекұлы, құсбегі:
- Қазір Қазақстандағы бүркітшілердің бәрі мықты. Алматы мен Атырау облыстарымен деңгейлесіп келе жатырмыз. Олардың құстары да мықты. Қазір біздің құстар түлекте. Бұл кезде дайындамаймыз. Жаздың соңғы айларында кішкене қайырып, арықтатып, жарысқа дайындай бастаймыз. Қазір түлекте болғаннан кейін ескі жүндерін тастап, орнына жаңа жүн шығарады. Олар түлемесе, жақсы ұша алмай қалады.
Құсбегілік – әлімсақтан бері келе жатқан және қанымызға сіңген төл өнеріміз. Бірақ бұл – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Бап та керек. Оған қажырлы еңбек пен табиғи дарынды қосыңыз. Іс ақылды құсты аңға салумен ғана шектелмейді. Нағыз маман кез келген жыртқыш құстың тілін түсініп, ерекше күтімімен айналыса білуі керек.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Руслан Әлиев.