Париж олимпиадасы. Жолдама үшін жанталас

Бірер айдан кейін Франция астанасы Париж қаласында олимпиада ойындары басталады. Қазір іріктеу турнирлері мен рейтингілік жарыстар өтіп жатыр.

Қазақстандық қыз-жігіттер бүгінге дейін 30-дан аса жолдама алды. Араларында бұрын-соңды болмаған нәтижелер де бар.

Қоржынымызда 31 жолдама бар

Ұлттық құрама қоржынындағы жолдамалар саны 30-дан асты.

Оның ішінде ең көп лицензияны боксшыларымыз жеңіп алды. Жалпы саны – 8. Одан кейін тізімде нысана көздеу, садақ ату және семсерлесу шеберлері тұр. Әрқайсысында 4-5 лицензиядан бар. Бұған қоса, велоспорт, бессайыс, таэквондо, күрес түрлері, спорттық гимнастика мен батуттағы гимнастика бойынша да жерлестеріміз олимпиада жүлдесіне таласады.

Аталған жолдамаларды өңірлер үлесіне бөлер болсақ, Алматы мен Шымкент қаласы және Жетісу облысы көш бастап тұр.

Бүгінге дейін бірде-бір лицензия алмаған аймақтар да бар. Бірақ әлі кеш емес. Жазғы ойындарға дейін 50-ден аса лицензиялық және рейтингілік жарыс өтеді. Біз қазір 11 спорт түрі бойынша жолдамалар жеңіп алдық. Ал Париж олимпиадасына Қазақстан құрамасы спорттың 20 түрінен қатысуды көздейді. Сәйкесінше, жолдаманың жалпы санын 70-тен асыруымыз керек.

Еске сала кетейік, Франциядағы байрақты бәсеке 26 шілде басталып, 11 тамызға дейін жалғасады.

Семсерлесуден 4 лицензия иелендік

Тарихи жетістік. Қазақстандық семсерлесу шеберлерінің әлем кубогындағы нәтижесіне осындай баға беріліп жатыр.

Дүниежүзілік дода бірер күн бұрын Грузия астанасы Тбилиси қаласында өтті. Бұл жарыста Қазақстанның басты қарсыласы саналған Оңтүстік Корея күтпеген жерден Чехия құрамасына жол берді. Нәтижесінде, біздің жігіттер 26 ұпай алға шықты. Соның арқасында, ұлттық құрама әлемдік рейтингтегі алдыңғы 4 команда қатарына қосылып, соңғы жолдаманы иемденді.

Айта кету керек, Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет олимпиадада шпагамен семсерлесудің командалық сынында өнер көрсетеді.

Тбилисиде ел намысын Эльмир Әлімжанов, Руслан Құрбанов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов төрттігі қорғаған болатын. Сәйкесінше, осы жігіттер жазғы ойындарға барады. Қалыптасқан ереже бойынша, командалық жолдаманың арқасында 3 спортшымыз автоматты түрде жеке сайыстарға да қатысады.

Ауыр атлеттер жолдамасыз қалуы мүмкін

Ал ауыр атлеттеріміз жолдамасыз қалуы мүмкін. Мұндай жағдай Қазақстан спорт тарихында бірінші рет болайын деп тұр.

Бұл жөнінде отандық спорт порталдары жариялап жатыр. Яғни соңғы допинг дауларына байланысты Қазақстан 1 лицензияға ғана таласа алады. Бұл мүмкіндік 89 келіге дейінгілер арасындағы Сергей Петровичке берілді. Бірақ оның өзіне оңай соқпайын деп тұр. Ұлттық құрама өкілі бірер күннен кейін Пхукет қаласында өтетін әлем кубогына қатысады. Париж олимпиадасының соңғы жолдамалары сол жерде сарапқа салынады.

Өкініштісі сол, Сергей «С» тобында өнер көрсетеді. Ал оның негізгі қарсыластары янғи А және В тобындағы спортшылар бір күннен кейін жарыс алаңына шығады. Сәйкесінше, ол кезде жерлесіміздің көрсеткіші белгілі болады және басқа спортшылар үшін одан асып түсу салыстырмалы түрде оңай. 1 жолдамаға бас-аяғы 50 ауыр атлет таласады.

Айта кетейік, Сергей Петрович ресми жарыстарда соңғы рет қоссайыс қорытындысы бойынша 363 келіні басынан асырды.

Олимпиада жолдамасына кім таласады?

Олимпиада жолдамасына таласатын боксшы спаррингтік сайыста анықталады.

Бәрімізге белгілі, қазақстандық былғары қолғап шеберлері 7 салмақтың алтауында лицензия жеңіп алды. Тек 63,5 келіде жолдама жоқ. Енді осы салмақта кім ел намысын қорғап, іріктеу турниріне қатысады?

Міне, осы сауал соңғы кезде қызу талқыланып жүр. Отандық бокс федерациясы оның шешімін тапқандай. Яғни аталған салмақтың мықтыларын Астанаға жинап, жекпе-жектер сериясын ұйымдастырмақ.

Атап айтқанда Мұхамедсабыр Базарбайұлы, Ертуған Зейнуллинов, Серік Теміржанов және Жандос Қыдыралиев келеді. Бұған қоса, жоғары салмақта әлем чемпионатының жүлдегері атанған Дулат Бекбауов және жастар арасында жасындай жарқылдап жүрген Төрехан Сабырхан да бар.

Аталған 6 боксшы өзара мықтыны анықтайды. Бұған қоса, әйелдер арасында да 4 салмақта спаррингтік кездесулер өткізіліп, ел намысын қорғайтын құрама іріктеледі. Жеңіске жеткен боксшылар мамыр айында Тайланд астанасы Бангкокта өтетін соңғы лицензиялық турнирге аттанады.

5 боксшымыз финалда

11 боксшымыздың 5-еуі финалға шықты. Дәл қазір Әзербайжан астанасы Баку қаласында былғары қолғап шеберлерінің халықаралық турнирі өтіп жатыр.

«Ұлы Жібек жолы» деп аталатын жарысқа 11 елден 120-дан аса қатысушы жиналды. Араларынан 6 боксшымыз барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, жартылай финалға жеткен болатын. Ал күні кеше дәл сол алтаудың бесеуі финалға жолдама алды.

Атап айтқанда Теміртас Жүсіпов, Тимур Қабдешов, Талгат Сырымбетов және Дархан Дуйсебайлар жеңіліссіз келеді. Ауыр салмақтағы Сағындық Тоғамбай да бас жүлдеге таласады. Ал 86 келідегі Бекзат Таңатар жартылай финалда жергілікті боксшыға жол беріп, қола жүлдегер атанды.

Жарыстың жалпы қорытындысы алдағы күндері белгілі болады.

Аслан Қаженов, 24.KZ