Ол Олимпиадаға ұйықтап барды
Бүгін жасындай жарқ еткен былғары қолғап шебері Бекзат Саттархановтың туған күні.
Шаршы алаңда қарсылас шыдатпаған Бекзатты ағалары «Бокс феномені» дейді. Оңтүстік Африка боксшысы Джеффри Матебула: «Бекзаттың аяғы мықты, жорға жүрісті боксшы екен» деп таңданысын білдірген.
Болмысы бөлек Бекзат Саттарханов қазақтың бокс тарихындағы тұңғыш олимпиада чемпионы. Оның жұлдызы осыдан 24 жыл бұрын жарқырады. 20 жасында Олимп шыңын бағындырды. Шаршы алаңдағы «жорға жүрісті» жігітке қарсылас шақ келмеді.
Қыдырбек Рысбек, дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының директоры:
- Жүрек бар. Қысылу, қымтырылу, сасып салбырау деген нәрсе жоқ. Әлем чемпионы Рекардомен олимпиадалық финалдағы айқасын көрдім. Көзіммен көрдім. Сол айқасқа бара жатқан кезде Бекзат автобустың ішінде, басқа жігіттер терезеге қарап, финалға бара жатырмыз ғой деп уайымдап бара жатқанда, адам болғаннан кейін кішкене сезім болады ғой, әртүрлі. Бекзат автобустың артқы орындығына жатып, ұйықтап барды. Олимпиадаға ұйықтап бару деген жүйкенің керемет беріктігін білдіреді.
Қасқыр жүректі қайсар ұл бала күнінен спортқа бейім болған. Аяғына тас байлап алып жүгіргенде талайды шаң қаптыратын дейді. Ол туралы бүгінгі күні аңыз көп.
Ермахан Ибрайымов, Олимпиада чемпионы:
- Бекзат Саттарханов туралы неше түрлі аңыздар айтылып жатыр. Өткенде ғана жақсы жаңалықты естідік. Бекзат Саттархановты Қазақстан Республикасының «Тарихи тұлғасы» деген мәртебеге көтеріпті. Әрине ол ағаларына, туған-туыстарына, анасына үлкен абырой. Бізге абырой. Оның соққылары өте мықты болатын. Бойы ұзын, сол ұзындығына қарамай 57 келі салмақта өнер көрсетті.
Бекзаттың алғашқы бапкері Нұрлан Жұмабаев оған сенім артады. Сөйтіп, Саттархановты боксқа баулыған. Мамандардың пікірінше Бекзаттың бойында қорқыныш та толқыныста болмаған. Көзінен от шашып, арғымақтай жер тарпып буырқанғанда қарсыласы бетіне қарай алмаған. Сонысымен Бекзат бокстағы феномен атанған.
Қыдырбек Рысбек, дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының директоры:
- Халықтың қасиетін екі ғасырдың тоғысында мұқым дүниеге дәлелдеген бұл баһадүр жігіт. Қазақстанның чемпионы болған жоқ ересектер арасында Азияның чемпионы болған жоқ, бұл бірден төтесінен Олимпиада шыңына бір-ақ тартқан біртуар боксшы. Бекзат өте сезімтал, Бекзаттың боксы академиялық сабақ беретін әдістемелік құрал сияқты.
2000 жыл. Бұл жыл қазақты қуантқан да жылатқанда жыл болды. Бекзат Саттарханов тірі болса бүгін қырық төртке толар еді. Аққан жұлдыздай айбоз ұл қазақтың жалауын желбіретті де өзі мәңгілікке аттанып кете барды.
Асантемір Қаршығаұлы, Руслан Әлиев, 24.KZ