Саттарханов есімі берілсе...
Елордадағы №3 олимпиадалық резервке мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі көпке мәлім.
Бұл шаңырақтан бокстан әлем чемпиондары Мерей Ақшалов, Санжар Ташкенбай, жақында ғана жазғы олимпиадаға жолдама алған ағайынды Оралбайлар шыққан.
Мұнда есімі елге мәлім боксшылардан бөлек, Бекзат Саттархановтай чемпион болғысы келетін жастардың қарасы қалың. Спорт мектебінің ұжымы Бекзаттың есімі боксшылардың құлағында ғана жаңғырмай, мектеп атына да берілсе дейді.
Ердәулет Рахметов, спорт мектебі директорының орынбасары:
- Бекзат Саттарханов ағамыз 2000 жылы Сидней Олимпиадасының чемпионы. Жастар сол ағамызға қарап талпынып Олимпиада чемпионы болса екен. Ағамыздың арманы бар ғой. Екі дүркін, үш дүркін олимпиада чемпиондары неге біздің қазақтың балалары арасынан шықпасқа деген. Бізде де арман осы. Астана қаласының тілдер басқармасының қолдауымен және Астана қаласының спорт басқармасының қолдауымен біздің мекеменің атауы өзгеріп жатса, бізге үлкен мәртебе болатын еді.
Мектеп ұжымы бұл туралы өтінішті 1 ай бұрын Астана қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына және қалалық ономастика комиссиясына ұсынған. Қазір ұсыныс қаралып жатыр. Алдағы уақытта бұл спорт мектебіне ел мақтанышы Бекзат Саттархановтың есімі берілуі әбден мүмкін.