Садақшылар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына сақадай сай
Садақшылар елордада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындалып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Байрақты бәсекеде дәстүрлі садақшыларымыз толағай жетістіктерге жетеді деген үміт бар. Қазір 5 спортшы құрамаға іріктелді.
Беркініп садақ асынбай, біртіндеп жауды қашырмай, ерлердің ісі бітер ме? Иә, бес қарудың бірі саналатын садақ ату – ежелден қанымызда бар асыл өнер. Жай мен жебені жанына серік етіп, аң мен дұшпанды көзге атқан мергендер көп болғанын тарих беттерінен білеміз. Дәстүрлі садақ атумен айналысатын шеберлердің айтуынша, нысана көздеудің де түрлі тәсілдері бар.
Диас Ахметов, Дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті:
- Бір әдіс бар, оны көбінде еуропалық әдіс деп атаймыз. Еуропада көздеп атқан. Сол жаққа көзге көрінетін жаққа қойған. Ол 2-3 секунд уақыт алады көздегенше. Қолды қойып, 3 саусақпен ұстайды да, тартқан кезде көзге алып келеді. Көзбен көздеп, нысананы атады. Ал бізде көбіне көздемейді. Көз мерген емес, қол мерген болған. Яғни, интуитивті тартты, жаққа дейін тартады, болды, көздеу жоқ, қарап тұрған жоқпын оққа, тек қана нысана. Сосын бармақты ашып жібереді, лақтырады.
Өткір көз, қырағылық пен қайсарлықты талап ететін өнер 2 жыл бұрын спорт түрі ретінде ресми танылды. Құрылғанына аз болса да, ауқымы кеңейіп, ел ішінде кеңінен қолдау тауып келеді. Қазіргі таңда ұлттық құрама сапында 36 спортшы бар. Олар күн-түн демей, күзде өтетін Көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр. Мәселен, жақында ғана 20 спортшы Малайзияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, шеберлігін шыңдап келді.
Сәлім Бақберген, ұлттық құрама мүшесі:
- Дайындық жақсы деңгейде. Жалпы алғашқы оқу-жиын жаттығуына келдік. Оқу-жиын жаттығуы біздің тарихи жаттығу десек те болады. Осы керемет қыс мезгілінде сондай 12 ай жаз болатын жерге барып, жаттығу жасап, 12 күн берілді. Жақсы бір нәтижелі өнер көрсеттік деп айта аламыз. Бірақ алдымызда әлі 6-7 оқу-жиын жаттығуы бар.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны 8-15 қыркүйек аралығында елордада өтеді. 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы келеді деп жоспарланған. Олар спорттың 20 түрінен бақ сынайды. Дәстүрлі садақ атудан ел намысын 10 спортшы қорғайды. Олар 3 нысана бойынша сайысқа түсіп, 21 медальді сарапқа салады.
Диас Ахметов, Дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті:
- Сонда 20 спортшы болып бардық, соның ішінде үздік бесеуін таңдадым, 3 ер бала, 2 қыз баланы таңдап алдық. Кешкісін, таңертең әртүрлі уақытта қалай өзін көрсете алады деп спортшыларды сынап көрдік. Күнделікті «зачет» қабылдап, соңғы нәтижелермен көзге айқын 5 спортшымыз көзге бірден түсті. Соларға бірден Көшпенділер ойынына қатысу жолдамасын алды. Енді қалған 10 адам қатысады. Сол қалған 5 адамды алдағы Атырау қаласында әлем кубогы болады. Оқу-жиын жаттығуын қосымша қойып қойдық сол жаққа, ол жерде іріктеу болып, келесі 5 адамды таңдайтын боламыз.
Садақ пен қазақ – егіз ұғым. Қазанат мінген жау-жүрек батыр оғландарымыздың қорамсаққа қол салып кезеген жебелері нысанадан мүлт кетпегені тарихтан белгілі. Көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын спортшыларымыз жанкүйерлеріне жеңіс сыйлайды деген үміттеміз.
Авторы: Әлішер Әли.