Ескекшілер Олимпиадаға барады
Қазақстандық ескекшілер Париж Олимпиадасына тағы бір лицензия ұтып алды.
Оңтүстік Кореяның Чунджу қаласында академиялық ескек есуден Азия іріктеу турнирінде Владислав Яковлев, топ жарды. Қазақстандық спортшы 2000 метрді 6 минут 59 секундта бағындырды. Оңтүстік Кореядағы іріктеу турниріне, Қазақстан құрамасы үш жарым ай дайындалды. 31 жастағы Владислав жазғы ойындарға төртінші рет қатысады. Яковлевтің бұған дейінгі олимпиадалардағы ең жақсы нәтижесі 19-шы орын болды. Жалпы Қазақстандық спортшылардың, Парижге ұтып алған жолдамаларының саны 43-ке жетті.
Владислав Яковлев, ескек есуден Қазақстан құрамасының капитаны:
- Олимпиадаға, былайша айтқанда, мүмкіндігім бар. Тәжірибем жеткілікті. Ең жақсы қалыптамын деп айта аламын. Енді үйге келіп кішкене демаламын, сосын Олимпиадаға дайындаламын.
Асылан Құсайынов, ескек есуден Қазақстан құрамасының бас бапкері:
- Оқу-жаттығу жиындарын өткізуге қолдау көрсеткен Спортты дамыту дирекциясына алғыс айтамыз. Бұл оқу-жаттығу жиындарына негізгі жарыстарға баратын жігіттердің барлығы жұмылдырылды. Түркияда 3 оқу-жаттығу жиынын өткіздік, содан кейін Грекиядағы халықаралық стартқа көштік, содан кейін Қытайда Ханчжоуда өткен соңғы оқу-жаттығу жиынына қатыстық. 25 күн қарқынды дайындықтан өтіп, лицензия ұтып алдық.