Балуан қыздар Олимпиадаға жолдамасыз қалды
Қазақ қыздары жолдамасыз қалды. Бішкек қаласында күрес түрлерінен лицензиялық жарыс жалғасып жатыр.
Қырғыз астанасында Париж олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынды. Бәсекенің кезекті күні әйелдер арасындағы белдесулер өтті. Бозкілемге шыққан 6 спортшымыз да үмітті ақтамады.
Әйелдер арасындағы күресте әзірге бірде бір лицезиямыз жоқ. Бішкек қаласындағы байрақты бәсекеде кемі 2 жолдама аламыз деген жоспар болған. Тіпті осы мақсатта Қырғызстан астанасына бірнеше апта бұрын келіп, бірлескен жаттығу жиынына да қатысты. Бірақ, қыздар үмітті ақтамады. Жарысқа араласқан 6 спортшымыздың үшеуі ғана жартылай финалға жетті. Үшеуі ә дегеннен есе жіберді.
Ирина Кузнецова, ұлттық құрама мүшесі:
- Дайындықтың барысы жақсы болды. Өз басым тактикалық тұрғыда қателік жібердім деп ойлаймын. Тәжірибем аздау. Десе де көңілді түсіре бермей, келесі іріктеуге дайындаламыз. Әлі де Париж олимпиадасының жолдамасын алатын мүмкіндік бар.
Азиялық іріктеу жарысының ережесі бойынша лицензия финалға шыққан спортшыға ғана беріледі. Жоғарыда 3 жерлесіміздің жартылай финалға жеткенін айттық. Яғни, үшеуі де жолдама бір қадам жетпей тоқтап тұр. Алдымен 19 жастағы Лаура Ғаниқызы үндістандық палуанға есе жіберсе, артынша тәжірибелі деген Жұлдыз Ешімова Солтүстік Кореяы өкілінен ұтылды. Ал, негізгі үмітіміз Жәмиля Бақбергенова қытайлық қарсыласына жол берді.
Лаура Ғаниқызы, ұлттық құрама мүшесі:
- Әлі де көп дайындық керек. Шамам жетпеді. Соңғы үндістандық қызға. Әлі көп дайындық керек. Бұл менің үлкендер арасындағы бірінші жарысым. Азия жарысына шығып жатқан.
Ұлттық құраманың бас бапкерімен де сөйлестік. Қайрат Сағадиев елге жеткеннен кейін тағы бір жаттығу жиынын өткізіп, команданы қайта жасақтайтынын айтты.
Аслан Қаженов, тілші