Күрес түрлерінен жолдамаға таласатын ұлттық құрама жасақталды

Жолдамаға таласатын ұлттық құрама жасақталды.

Кешелі бері көпшілік күрес түрлерінен лицензиялық жарысқа аттанытын спортшыларымызды талқылап жатыр. Жалпы бүгінге дейін палуандар 7 жолдама жеңіп алды. 

Енді Түркиядағы дүниежүзілік додада оның санын барынша арттыру көзделеді.

Мадина емес, Эльмира баратын болды. Бірер аптадан кейін Стамбұл қаласында күрес түрлерінен лицензиялық тунир өтеді. Айта кету керек, бұл – Париж олимпиадасы алдындағы соңғы іріктеу жарысы. Міне, осы бәсекеде бақ сынайтын қазақстандық қыздардың тізімі жарияланды. Бас бапкер Қайрат Сағадиев 76 келіге Эльмира Сыздықованы қойыпты. Эльмира Қазақстан чемпионатында Жәмиля Бақбергеноваға ғана жол беріп, екінші орын алған болатын. Бұған қоса, Азия чемпионатында да жүлдеге ілікті. Сәйкесінше, бірінші іріктеу жарысына, яғни, Бішкек қаласында өткен лицензиялық жарысқа Жәмиля барды. Өкінішіке орай, жолы болмады. Жартылай финалда қарсыласына есе жіберіп, жолдамаға бір қадам жетпей тоқтады. Ал, екінші жарысқа енді Эльмира Сыздықова қатысады. Бұл әділ шешім дейді бас бапкер. 

Қайрат Сағадиев, ұлттық құраманың бас бапкері: 

«Біз былтыр жылды қорытындылап, алдағы жоспады анықтаған кезде, іріктеу турнирінде жолдамасыз қалған балуанның орнына Азия чемпионатында көзге түскен спортшы белдеседі деп шешкенбіз. 76 келіде Эльмира Сыздықова құрлық додасында қола медаль алды. Сондықтан, Стамбұлдағы турнирге заңды түрде барады. Бірақ бұл Бақбергенованы тізімнен сызып тастады деген сөз емес. Жәмила еліміздегі әйелдер күресіне үлкен олжа салған балуан. Кейбір ақпарат құралдары арандататын тақырып қойып, оның қателігін кешірмеді деп жазуда. Ешкімнің менің атымнан бұлай айтуға құқығы жоқ».

Ұлттық құраманың толық тізімін таныстыра кетейін. Ең жеңіл салмақта Лаура Ғаниқызы бозкілемге шығады. Жас спортшыға екінші рет мүмкіндік беріліп отыр. 53 келіде Марина Седнева, 57 келіде Лаура Алмағанбетова, 62 келіде Ирина Кузнецова, 68 келіде Елена Шалыгина белдеседі. Ирина мен Елена да кезекті рет лицензиялық турнирде бақ сынайды. Яғни, олар Бішкек қаласындағы іріктеу жарысына да қатысқан еді. Жалпы әйелдер күресінде әзірге бірде бір жолдамамыз жоқ. Түркиядағы додада қазақ қыздары жақсы өнер көрсетіп, осы олқылықтың орнын толтырады деп үміттенеміз. 

Ұлттық құрамның тізімі жарияланды

Қайпанов үшінші рет лицензиялық жарысқа қатысады. Еркін күрес өкілдері де Стамбұлдағы әлемдік аламанға аттанатын спортшылар тізімін жариялады. Айта кетейік, бұл күрес түрінде әзірге 3 лицензиямыз бар. Оны былтырғы әлем чемпионатында Азамат Дәулетбеков және биылғы азиялық іріктеуде Әлішер Ерғали мен Юсуп Батырмұрзаев жеңіп алған болатын. Енді қалған 3 салмақтағы үміткерлер есімі белгілі болды. Атап айтқанда, 57 келіде Рахат Қалжан, 65 келіде Адлан Асқаров, ал, 74 келіде Нұрқожа Қайпанов бақ сынайды. Негізі Нұрқожаның салмағында екінші нөмірлі палуан Талғат Сырбаз өнер көрсетуі керек еді. Кейінгісі аяқасты жарақат алып, жарысқа шыға алмайтынын жеткізді. Енді Түркиядағы лицензиялық турнирге Нұрқожа Қайпанов қатысады. Айта кетейік, ол Сербияда өткен әлем чемпионатында және Қырғызстанда өткен азиялық іріктеуден жолдамаға қол соза алмады. Енді үшінші рет бағын сынап көреді. Стамбұл қаласындағы байрақты бәсеке 9-шы және 12-ші мамыр аралығында өтеді.

Жолдамаға таласатын жігіттер белгілі болды 

Ал Мейіржанға тағы бір мүмкіндік берілмеді. Грек-рим күресінен де лицензиялық жарысқа қатысатын палуандар анықталды. Түркиядағы дүниежүзілік додаға қос палуанымыз аттанады. 67 келіде Дінмұхаммед Қошқар және 97 келіде Юсуф Мациев бозкілемге шығады. Әсіресе, осы 67 келідегі үміткер әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын. Яғни көпшілік ұлттық құрама үздігі Мейіржан Шермаханбеттің бақ сынағанын қалады. Өйткені, ол Бішкектегі ірікеу сынында өте сәтті өнер көрсетіп, ақтық айқаста ғана есе жіберді. Яғни, жолдамаға бір қадам жетпей тоқтады. Бірақ, бапкерлер құрамы елімізде екінші нөмірлі палуан Дінмұхаммед Қошқарды тізімге қосты. Айта кетейік, грек-рим күресінен ұлттық құрама қоржынында Париж олимпиадасының 4 жолдамасы бар.

Жартылай кәсіпқой бокс кеші  

Алматы 

Бокс кешінен түскен қаржы елімізде судан зардап шеккендерге жіберіледі.  Бұл жөнінде халықаралық бокс федерациясының президенті Умар Кремлев мәлімдеді. Айта кетейік, бірер күн бұрын Алматыда жартылай кәсіпқой бокс кеші болды. «Чемпионар түні» деген атаумен ұйымдастырылған жарысқа айтулы былғары қолғап шеберлеріміз қатысты. Оның ішінде Теміртас Жүсіпов, Сағындық Тоғамбай, Бекзат Нұрдәулетов сияқты ұлттық құраманың өкілдері де бар. Бас-аяғы 8 жекпе-жек өтті. Жоғарыда айтқан Теміртас қырғызстандық қарсыластын, ал Бекзат доминикандық қарсыласты төрешілер шешімімен ұтты. Сағындық болса, тәжікстандық Давлат Болтаевқа есе жіберді. Бұған қоса Бекман Сойлыбаев, Фарух Тоқтасынов, Әли Ахмедов сияқты кәсіпқой бокстағы жерлестеріміз де шаршы алаңға шығып, өз жеңістерімен қуантты.

Умар Кремлев, халықаралық бокс федерациясының президенті:

- Қазақстанда болған төтенше жағдайға бей-жай қарай алмаймыз. Осы бокс кешінен түскен қаржы қызыл судан зардап шеккендерге жіберіледі. Бұған қоса, боксшылар да өз сыйақыларының бір бөлігін аталмыш мақсатқа жұмсамақ. Ал жарыстың өзіне келер болсақ, деңгейі өте жоғары болды. Біз бұған дейін Астанада дәл осындай кездесулер ұйымадстырыдық. Алдағы уақытта қазақстандық тараппен тығыз жұмыс істеп, біраз бірлескен жобаларды жүзеге асырамыз деп ойлаймын.