Астанада инклюзивті спорт фестивалі өтті
«Тең мүмкіндік». Елордада осындай атаумен, балаларға арналған инклюзивті спорт фестивалі өтті.
«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырылған жарысқа 150-ге жуық оқушы, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар 50-ге тарта бала қатысты.
Фестиваль барысында жас спортшылар жеңіл атлетика, бочча және эстафета сынды спорт түрлерінен сынға түсті.
Ұйымдастырушылар, мұндай шаралар ерекше балаларды қоғамға бейімдей түсіп, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретінін айтады.
Мәселен, қазірде еліміздегі мектептерде 1389 инклюзия кабинеті және партияның көмегімен ашылған 324 бейімдеу спорт секциясы жұмыс істейді. Сондай-ақ, «AMANAT» мүгедектігі бар 630 азаматты тұрақты жұмысқа орналастырды.
Дәулет Кәрібек, "AMANAT" партиясының атқарушы хатшысы:
- Қазіргі уақытта инклюзивті ортадағы өз азаматтарымызға, балаларымызға деген қоғамның көзқарасы түбегейлі өзгерді деуге болады. Президенттің тікелей тапсырмасымен осы бағытта жүйелі жұмыстар қолға алынып жатқанын да жақсы білесіздер. «AMANAT» партиясы да Мемлекет басшысы реформаларының қоғамдық тірегі болып, бұл бағытта ауқымды жұмыс атқаруда. Бүгінгі жарыста баршыңыз жақсы өнер көрсетті деп ойлаймын!