Мақтаарал ауданындағы кентте 50 жылдан бері жаңа спорт кешені салынып жатыр
Мақтаарал ауданының Атакент кентінде жарты ғасырдан кейін жаңа спорт кешені бой көтерді.
Ауылдағы жалғыз спорт мектебі өткен ғасырдың 70-жылдары салынған болатын. Бүгінгі күні тозығы жетсе де жұмысын тоқтатқан емес. Алайда мамандар заман талабы мен бүгінгі жастардың сұранысына сай келмейтінін айтады. Сондықтан ауыл болып, жаңа спорт кешенін салып беруді аудан басшылығынан сұраған.
Даңқты бапкер, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Орынбасар Пашимов атындағы №2-ші балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бүгінге дейін қол күресінен 30-ға жуық Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, бокстан 1 әлем чемпионын дайындап шығарған. Мұнда 8-бен 16 жас аралығындағы 900-ге жуық бала білім алады. Алайда мектеп ескі, жаттығу залы тар. Бұл балалардың спортпен алаңсыз айналысуына кедергі келтірмей қоймайды,-дейді бапкерлер. Ауылдан жаңа спорт кешенінің салынуы жаттықтырушылар жігерін жани түсті.
Еркебұлан Дайылбаев, қол күресінен жаттықтырушы:
- Осы қолкүресіне қызығушылық көп болғандықтан балалар спортқа көптеп келеді. Соған байланысты залымызға балалар сыймағандықтан енді жаңа зал ашылса, одан да көп балалар, одан да көп чемпиондар шығады деген үміттеміз.
Татьяна Доштаян, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 20 жылдан бері волейболдан жаттықтырушы болып еңбек етеді. Талантты балалар көп, бірақ оларды жаттықтыруға зал жетіспейтінін айтады.
Татьяна Доштаян, волейболдан жаттықтырушы:
- Біз аудандағы спортқа құмар балалардың 20%-н ғана қамтуға шамамыз жетеді. Бізде спортпен кәсіби тұрғыда шұғылданғысы келетін жеткіншектер өте көп. Олардың барлығын жаттықтыруға мүмкіндігіміз бола бермейді. Ал енді мына спорт кешені салынатынын естігеннен бері қуанышымда шек жоқ. аптасына екі рет келіп, көріп кетемін. Қаншама талантты жастарға жол ашылатын болды.
Замануи спорт кешенінің құрылысы ауыл тұрғындарының сұранысына сай өткен жылы басталған. Жоба құны 654 млн теңге. Нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдаралмасы аясында іске асырылуда. Қазір ғимараттың ішкі әрлеу, сырлау жұмыстары жүріп жатыр. Жауаптылар кешен алдағы қыркүйек айында тапсырылатынын айтады.
Қосай Амангелдиев, аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің бас маманы:
- Аталған спорт кешенінде 6 спорт түрімен айналысуға болады. Бір мезетте 110 спортшыны қабылдай алады. Оның ішіне бокс, татами, еркін күрес, волейбол, баскетбол сияқты спорт түрлері қарастырылған. Спорт кешенінің қызметкерлеріне арналған санитарлық тораптармен барлық жағдай жасалған. Сыртта өзінің модульный қазандығы бар жеке.
Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының мәліметінше, өңірде 96 елді мекенде спорт кешені жоқ. Былтыр өңірде «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында 7 нысан пайдалануға берілсе, жеке инвесторлардың есебінен 44 нысан салынған. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында тағы 12 нысан ел игілігіне берілмек.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов