Балуандар үмітті ақтамады

Қазақстан Словакиядан ұтылды. Чехияда шайбалы хоккейден әлем чемпионаты жалғасып жатыр.

Қазақстан құрамасы топтық кезеңді өте сәтті бастап еді. Алғашқы күні Франция құрамасын ұтқан. Енді екінші кездесуде Словакия командасына есе жіберді. Қорытынды есеп – 6:2.

Ғалым Мамбеталиев баптайтын жігіттер енді Латвия, Польша, Швеция, Германия және АҚШ құрамаларымен кездеседі.

Әлем чемпионаты 26 мамырға дейін жалғасады.

Жалпы есепте бесінші орындамыз

Қоржынымызда 4 медаль. Оның біреуі – алтын. Астанада дзюдо жанкүйерлері тағатсыздана күтіп жүрген әлемдік гранд-слэм өтті.

Дүниежүзілік додаға 84 елден 500-ден аса қатысушы жиналды. Олардың арасында небір мықтылар бар. Өйткені Астанадағы аламан Париж олимпиадасы алдындағы соңғы рейтингтік жарыстардың бірі. Сәйкесінше, мұнда бәсекелестік те өте жоғары болды. Соған қарамастан жерлестеріміз 4 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Әсіресе әйелдер арасында ең жеңіл салмақтағы Ғалия Тыныбаева қарсылас шақ келтірмей, алтын жүлдегер атанды. Ол ақтық сында ресейлік Сабина Гилиязованы жеңді.

Айта кету керек, бұл – біз үшін тарихи жүлде саналады. Өйткені Ғалия қазақ қыздары арасынан алғаш болып гранд-слэм алтынын алды. Бұған дейін Моңғолиядан келіп, Қазақстан азаматтығын алған Галбадрах Отгонцэцег қана осы биікті бағындырып еді. Енді оның жеңіс жолын Ғалия Тыныбаева жалғап, өз есімін отандық спорт тарихында қалдырды.

Бұдан бөлек ұлттық құрама қоржынында 3 қола медаль бар. Оны 60 келіде Елдос Сметов, 73 келіде Бахытжан Әбдірахимов және 81 келіде Абылайхан Жұбаназар жеңіп алды.

Әсіресе Елдосқа ерекше тоқталуға болады. Ол жарақатына байланысты ұзақ уақыт татамиге шықпаған болатын. Десе де елордадағы жарыста жеңісті жұлып алып, әлі де бабында екенін дәлелдеді және олимпиадаға қатысуға үмітті спортшылардың қатарына қосылды.

Сонымен бас-аяғы 1 алтын мен 3 қола жүлде жеңіп алдық. Соның арқасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 5-орынға тұрақтады. Топ басында Жапония, Италия, Хорватия және Қытай елдері тұр.

Балуандар үмітті ақтамады

Түркияның Стамбұл қаласында күрес түрлерінен соңғы лицензиялық жарыс өтті. 

Байрақты бәсекеге 11 спортшымыз аттаған. 11-і де жолдамаға қол жеткізе алмады.

Әсіресе әйелдер күресінде өте төмен көрсеткіш тіркелді. Яғни, ұлттық құрама сапынадағы 6 қыз да іріктеу кезеңінде қарсыластарына жол берді. Салдарынан Қазақстан биыл әйелдер күресінен олимпиадаға мүлде қатыспайды. Яғни, жазғы ойындардан тұрақты жүлде әкеліп жүрген спорттық бағытта бұл жолы бірді-бір жолдамамыз жоқ.

Бұған қоса, айтулы аламанда грек-рим күресінен 2 спортшымыз бағын сынады. Оның ішінде 67 келідегі Дінмұхаммед Қошқарда жақсы мүмкіндік болған. Ол қола медаль үшін күресті. Бірақ, ақтық сында есе жіберді. Яғни лицензияға бір қадам жетпей тоқтады.

Дәл осылай еркін күресте де бозкілемге шыққан 3 палуанымыздың арасында Нұрқожа Қайпановта жақсы мүмкіндік болған. 74 келідегі жерлесіміз оны мүлт жіберді.

Осылайша Қазақстан құрамасы күрес түрлері бойынша Париж олимпиадасына 7 спортшысын апарады. Оның 4-еуі грек-рим күресінде, 3-еуі еркін күресте өнер көрсетеді.

Аталған жолдамаларды бұған дейінгі әлем чемпионаты мен азиялық іріктеуде жеңіп алдық.

Қазақстан 8-орында

Халықаралық футбол федерациясы футзалдан ұлттық құрамалардың нәтижелерін сараптап, әлемдік рейтингті жаңартты. ФИФА сайтында жарияланған тізімде ұлттық командамыз 8-орында тұр.

Рикардо Кака баптайтын жігіттердің еншісінде 1422 ұпай бар. Топ басында 1568 ұпаймен Бразилия тұр. Алдыңғы ондыққа Португалия, Испания, Аргентина, Марокко және Франция сияқты елдер кіреді.

Айта кетейік, Қазақстан жігіттері алдағы күзде Өзбекстанда өтетін әлем чемпитонатына қатысады және спорт мамандары қазірден біздің құраманы фавориттер қатарына қосып отыр. Өйткені командамыз 4-рет дүниежүзілік додада бағын сынайды.

Бұған қоса, алдыңғы әлем чемпионатында 4-орынға табан тіреген еді. Ал Өзбекстанда қарсыластарымыз кім болары әзірге белгісіз. Жеребе тарту рәсімі 26 мамырда өтеді.

Қалай болғанда да, ұлттық құрамамыз жақсы өнер көрсетіп, әлемдік рейтингтегі жағдайын бұдан да жақсартуға тырысады. Қазақстан жігіттерінің алдына осындай міндет қойылып отыр.

Жәнібектің қарсыласы анықталды

Қазақстандық кәсіпқой боксшы алдағы жазда Жаңа Зеландия атынан шығып жүрген ресейлік Андрей Михайловичпен жолығады.

Бұл жөнінде америкалық ESPN спорттық сайты жариялады.

Андрей бүгінге дейін жеңіліп көрмеген. 21 кездесу өткізіп, оның 13-інде нокаутпен жеңіске жетті. Соңғы рет сәуір айында шаршы алаңға шығып, австралиялық Лес Шеррингтонды ұтты. Бұл жекпе-жек те уақытынан бұрын аяқталды. 26 жастағы Андрей IBF тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа міндетті үміткер саналады.

Ал Жәнібек осы белдіктің иегері жерлесіміздің еншісінде орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық атақ бар. Енді осыны қорғауы қажет.

Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте 15 кездесу өткізіп,15-інде де жеңіске жетті. Соңғы рет былтыр қазан айында АҚШ-та жұдырықтасып, германиялық Винченцо Гуальтьериден басым түскен еді. Жәнібек пен Андрей арасындағы айқас 13 тамызда Лас-Вегас қаласында болады.

Аслан Қаженов, 24.KZ