Париж олимпиадасы. Серікбаев әлде Сметов?

Алдағы айда футболдан ұлттық құрамамыз 2 бірдей жолдастық кездесу өткізеді.

Алдымен Армения аяқдопшыларымен, артынша Әзербайжан командасымен жолықпақ. Басты мақсат – қателіктермен жұмыс істеп, Ұлттар Лигасына тыңғылықты дайындалу деп түсіндірді бас бапкер Магомед Адиев. 

Бокстан халықаралық турнир басталды

Қамшыбек нокаутпен, Махмұд пен Асланбек айқын басымдықпен ұтты.

Астанада бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр. Елорда Кубогы деген атаумен танымал байрақты бәсекеге 10 елдің өкілдері жиналды. Оның ішінде ұлттық құраманың үздіктері де бар.

Жалпы о баста бұл жарыс Азия ойындары мен Олимпиада ойындары сияқты айтулы аламандар алдында қазақ спортшыларының шама-шарқын байқап, шеберлігін шыңдай түсу үшін ұйымдастырылған еді. Биыл да оған Париждегі жазғы ойындарға жолдама алған қыз-жігіттер түгел қатысып жатыр.

Алғашқы күні шаршы алаңға 57 келідегі Махмұд Сабырхан шығып, ирандық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты.

Артынша команда капитаны Асланбек Шымбергенов қырғызстандық Жарқынбек Жақыпбекұлымен жолығып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті.

Ал аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев тағы бір қырғызстандық Бектұр Әлімбекұлын есеңгіретіп тастады. Кейінгісі 2-раундтан соң жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.

Елорда Кубогы дәл осылай барлық салмақ дәрежесінде өтеді. Ал оның жалпы қорытындысы 18 мамырда белгілі болады.

Аман Қонысбеков жеңіске жетті

Өзбекстаннан көшіп келген қазақ боксшысы қарсыласын нокдаунға жіберді. 

Астанадағы халықаралық турнирде Аман Қонысбеков ұлттық құрама сапындағы алғашқы кездесуін өткізді.

Аман бірер ай бұрын ғана елімізге қоныс аударған болатын. Ресми жарыстарға Түркістан облысы атынан шығып жүр. 

71 келіде өнер көрсететін ол Елорда Кубогы аясында отандасымыз Азат Иманберлинмен жолықты. Жекпе-жек барысында қарсыласын 2 рет нокдаундқа жіберіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Айта кетейік, Аман былтыр Өзбекстан чемпионатында өнер көрсетіп, жартылай финалда Әлем чемпионы Асадхужа Муйдинхужаевты да нокдаунға жіберген болатын. Ол қазір небәрі 19 жаста және бокс мамандары оның болашағынан зор үміт күтеді.

Серікбаев немесе Сметов

Париж олимпиадасында ең жеңіл салмақта ел намысын қорғайтын спортшы анықталмай жатыр.

Нақты есімі әлем чемпионатынан кейін белгілі болады. Дүниежүзілік дода мамырдың 19-24 аралығында Абу-Даби қаласында өтеді. Осы орайда Қазақстан дзюдо федерациясы жарысқа қатысатын спортшылардың тізімін жариялады.

Көпшіліктің назары 60 келі салмақ дәрежесінде болып тұр. Өйткені бұнда 3 үміткер бар. Әлем чемпионатында Нұрқанат Серікбаев пен Елдос Сметов өнер көрсетеді. Ал Мағжан Шамшадин тізімде жоқ. Ұлттық құраманың басы-қасындағылар осындай шешім қабылдады. Сәйкесінше, айтулы аламаннан кейін нақты олимпиадаға қатысушы спортшының аты жарияланады. 

Бұдан бөлек, әлем чемпионатында басқа салмақтарда Ғұсман Қырғызбаев, Жанарыс Рахметқали, Данияр Шамшаев, Бақытжан Әбдірахманов, Абылайхан Жұбаназар және Нұрлыхан Шархан сияқты спортшыларымыз бақ сынайды.

Әйелдер арасында Әбиба Әбужақынова, Ғалия Тыныбаева, Есімгүл Күйілова, Екатерина Токарева, Аруна Жангелдина, Бақыт Құсақбаева және Камиля Берліқаш татамиге шығады.    

Ел үздіктері Жетісуға жиналды

Талдықорған қаласында ауыр атлетикадан 2010 жылы дүниеге келген жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр.

Ішкі біріншілікке 350 ден аса спортшы қатысуда. Олар 20 салмақ дәрежесі бойынша жекелей және командалық есепте өзара мықтыны анықтайды. Қос сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен зілтемірші ұл-қыздар негізгі құрамға алынады. Сөйтіп алдағы күзде Филиппинде өтетін Азия чемпионатына, одан кейін әлемдік додаға қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Нұрәлі Дәулетбек, жарысқа қатысушы:

- Бұл менің жетінші жарысым. Осы жарысқа рывок 35-тен көп, толчок 45-тен көп көтерем деп отырмын. Мүмкіндік болса одан да көп көтеруге тырысам. Бірінші орынды көздеп отырмын.

Гаджи Гаджиев, ҚР Ауыр атлетика федерациясының вице-президенті:

- Соңғы Перу және Мексикада өткен әлем чемпионаттарында Қазақстандық жасөспірімдер өте жақсы өнер көрсетті. Осы жолы да үздік нәтижеге жетуді жоспарлап отырмыз. Қазақстандық ауыр атлетика мектебі әлемдегі ең мықтылардың қатарында. Сондықтан мықты спортшыларды іріктеп алу үшін бұл өте маңызды жарыс.

Шағын футболдан ашық турнир өтті

Қонаев қаласында жасөспірімдер арасында шағын футболдан Амантай Сіргебаевты еске алуға арналған ашық турнир өтті.

Үш күнге созылған доп додасына 12 команда, яғни, 200-ден астам жас спортшы қатысты.

Жарыс нәтижесі бойынша кубокты Алматы қаласының «NG» клубы жеңіп алды. Екінші орынның жүлдесі де алматылық «SD Family» командасының қанжығасында кетті. Ал үшінші орын Қонаев қаласының жас футболшыларына бұйырды.

Болашақта біз мұндай турнирлерді тұрақты ұйымдастырып тұрамыз. Ол балаларды жастайынан спортқа баулып, елімізде футболды дамыту үшін аса қажет, - дейді жарысты ұйымдастырушылар.

Қанат Жұмабекұлы, спорт ардагері:

- Жолдастары бар, көмекшілері бар, міне, Германиядан келіп отыр сыйлағаннан кейін. Мынау футбол деген керемет ойын ғой. Бүкіл әлем ойнайды. Жаңа мен айттым ғой біздің «Қайраттың» Тимур Сегізбаев, Сейділдә Байшақов, Құралбек Ордабаев, Владимир Лисицын деген мықты футболшылары болған. Мыналар да өседі. Бұлар жас қой әлі.

Аслан Қаженов, 24.KZ