Астанада киберспорттан ел кубогы өтті

Ойыншылар финалдық кезеңде Counter-Strike, Dota, Mortal Combat бойынша бақ сынады, деп хабарлайды 24KZ.

Турнирдің іріктеу кезеңдеріне бас-аяғы 2 мыңға жуық адам қатысты. Жалпы жүлде қоры 7 миллион теңгені құрайтын ерекше сайыс туралы толығырақ тілшіміз Мерей Қанапия тарқатады.

Еліміздің ең үздік киберспортшылары елорда төрінде бас қосты. Алғашқы іріктеулерден іркілмей, сынақтардан сүрінбей өткен 22 ойыншы өзара чемпиондыққа таласты. Counter-Strike пен Dota командалық сайыс ретінде ұйымдастырылса, Mortal Combat жекелей өтті.                  

Мирас Омаров, сайыс жүлдегері:

- Мен осы Mortal Combat файтингіне қатысып жатырмын. Өзім ойнауды қаңтарда бастадым, осы жылдың басында. Ойнап жатқаныма 4,5 ай болды. Менің қарсыласым бұрыннан бері ойнайды. Тәжірибесі көп. 2-3 жыл ойнады ғой деймін. Соңғы финалым деп ойлаймын. Алда дұрыстап дайындалам. Аздап білдім, тәжірибе жинадым. Келесі жолы ұтуға тырысамын.

Қатысушылар арасында тек елімізге емес, әлемге танымал киберспортшылар жетерлік. Соның бірі – Dota ойынының хас шебері қарағандылық Әлімжан Исламбеков. Аудиториясы оны Watson лақап атымен таниды. Ол еуропалық рейтингте бірінші орында тұр.

Әлімжан Исламбеков, киберспортшы:

- 22 жастамын. Дотаны бала кезімнен бері ойнаймын. Басында ата-анам бұған түбегейлі қарсы болып еді. Алайда көптеген турнирде топ жарып, қомақты қаржы тапқалы олардың көзқарасы өзгерді. Қазір, керісінше, мені қолдайды. 

Сайыс нәтижесінде дотадан құрамында Watson бар «Na Rahate» командасы топ жарса, контр-страйктан «Lewandownskie» ұжымы жеңіске жетті.    

Елде киберспорт саласында 3 мыңнан астам команда бар. Оны көретін аудитория саны 3,5 миллионға жуықтайды. Бұл – шамамен халықтың 17,5%-і. Бәселестіктің арқасында қазір көптеген мемлекет қазақстандық ойыншылардан қаймығады. Алайда федерация өкілдері қазақ қоғамы киберспортқа әлі қырын қарайтынын айтады. 

Ержан Шәкеев, ҚР Киберспорт федерациясының өкілі:

- Киберспорт деген – 2018 жылы Мәдениет және спорт министрлігімен ресми түрде тіркелген спорт түрі. 2020 жылы Ұлттық Олимпиада комитеті бізге аккредитация берді. Сондықтан бұл – кәдімгі спорт түрі. Сондықтан оның бәрін халыққа жеткізу, түсіндіру – біздің мақсат.  

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен келесі жылы Қазақстанда киберспортшылар арасында «Болашақ ойындары» өтеді деп жоспарланған еді. Алайда елдегі су тасқынына байланысты, яғни бюджетті үнемдеу үшін 2026 жылға шегерілді.

Авторлары: Мерей Қанапия, Нұрғали Мамырбаев.