Ел кубогы аяқталды
Семейде дәстүрлі садақ атудан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Кубогы өз мәресіне жетті.
Күзге салым елордада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында ұйымдастырылған сайысқа еліміздің барлық өңірінен 300-ден астам садақшы қатысты.
Жарыс Пута, Қалқан, Жамбы және командалық жарыс түріндегі 4 нысана негізінде өтті.
Алғашқы Пута нысанасы бойынша ерлер арасында Ербол Тапеновке, ал әйелдер арасында Айкөркем Батиханға қарсылас шақ келмеді.
Екінші қалқан нысанасында Абылайхан Қанат пен Динара Жақсылықованың жолы болды.
Кезекті нысан жамбы сайысында Қасымхан Қанат пен Майгүл Нұрғалиеваның асығы алшысынан түсті.
Ал соңғы командалық сайыста Батыс Қазақстан облысының құрамасы тұғырдың алғашқы сатысынан көрінді.
Диас Ахметов, дәстүрлі садақ атудан Қазақстан құрамасының бас бапкері:
- Бұл жерде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына соңғы лицензия ойнатылып жатыр. Ерлер арасындағы 6-лицензия үшін Али Сейсигюзель, Қасымхан Қанат және Абылайхан Қанат бақ сынады. Яғни, осы Қазақстан Кубогында кім үздік болса, лицензия сол мергенге бұйырады.
Ахмет Мұғалов, дәстүрлі садақ атудан Алматы облысының аға жаттықтырушысы:
- Алғаш садақ атуды спорт түрі ретінде қолымызға алған кезде 5-6 ғана адам бастаған едік. Қазір еліміз бойынша 5 мыңнан астам садақшы бар. Құрамадағы жас спортшыларымыздың аяқалысы өте жақсы. Малайзияда, Алматы облысында, Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиындарына қатыстық. Бұл жарыстардың барлығы әрине, біздің деңгейімізді біраз өсірді.