Ә. Әбужақынова елге оралды

Дзюдодан әлем чемпионатының 2 дүркін қола жүлдегері Әбиба Әбужақынова елге оралды.

Оны Алматы әуежайына жиналған жанкүйерлері салтанатты түрде күтіп алды. Дүбірлі додада ел мерейін асқақтатқан спортшының ендігі мақсаты қандай?

Әбиба көпшілік алдына шыққан бойда жиналған жұртшылықтың қуанышында шек болмады. Жанкүйерлері оны ортаға алып, бірінен соң бірі жеңісімен құттықтап жатты. Қуанатындай жөні бар. Ол 2022 жылы қазақ қыздары арасынан әлем чемпионатында жүлде алған тұңғыш дзюдошы атанса, енді дүниежүзілік доданың 2 дүркін қола жүлдегері.

Әбиба Әбужақынова, әлем чемпионатының 2 дүркін қола жүлдегері:

- Барлық спортшы алтын алуға барады ғой. Өзім ойлағандай болған жоқ. Кішкене монғол қызына қателік жіберіп, үшінші орын алып қалдым. Алдыңғы 5-орын алғам. Одан алдыңғы жылы 3-орын алдым. Енді бұйырса олимпиадада финалға барып, чемпион болу алдағы мақсатым.

Жарысты 2-айналымнан бастаған Әбиба жартылай финалға дейінгі қарсыластарын иппонға түсіріп, айқын басымдықпен ұтты. Әуелі Түркия артынша Словакия, бразилиялық спортшыларды қапы қалдырды. Тек шешуші кезең жолдамасы үшін таласта монғолиялық дзюдошыға голден-скорда есе жіберді. Кейін қола жүлде үшін болған кездесуде тағы бір түркиялық өкіл Туче Бедерден айласын асырды. Алайда жартылай финалдағы жеңіліс ішімді өртеп барады дейді спортшы. 

Әбиба Әбужақынова, әлем чемпионатының 2 дүркін қола жүлдегері:

- Менің өз әдісім бар артқа лақтыру. Соны дайындағам негізі сол әдісім шықпай қалды. Ол менен бірінші жасап кетті. Менімен захват ұстасқан жоқ алыстан күресті. Өзі солай техника қойып келген шығар. Ал мен басқаша техника қойып барғам негізі ол қызға. Мың ұпай қосылып, рейтингте үшіншіге барам. Монғол қызы екіншіде. Италия қызы біріншіде. Сонымен жапон қызымен басқа топқа кетеміз деп ойлап тұрмын олимпиадада жеребе бойынша.

Жиналған жанкүйерлер 48 келіде күрескен екінші отандасымыз Ғалия Тыныбаеваға да қолдау көрсетті. Ол бірінші айналымда бразилиялық спортшыны ұтқанымен, келесі кездесуде испаниялық дзюдошыға жол берген еді.   

Ғалия Тыныбаева, дзюдодан әйелдер арасында Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:

- Сәл жетпей қалды. Өзім қателік жібердім. Кішкене тұрып қалдым. Қарсыласыма 3-шидо береді деп ойладым. Сосын тұрып қалдым. Ол менің ғана қателігім. Онымен енді жұмыс жасау керек. Бізде оқу-жаттығу жиыны болады 25 мамырдан бастап. Әрі қарай дайындаламыз. Олимпиадаға лицензия алған балдарға, қыздарға көмектесеміз. 

Қыздар үшін олимпиада алдындағы лицензиялық жарыстар тәмам. Париждегі байрақты додада Әбибаның өнер көрсететіні сөзсіз. Енді дзюдодан ұлттық құрама Әлем чемпионатынан кейін Хорватия, Испания, Франциядағы оқу-жаттығу жиындарына қатысып, олимпиада ойындарына дайындалады.      

Мерей Қанапия