Әбиба Әбужақынова елге оралды
Дзюдодан әлем чемпионатының 2 дүркін қола жүлдегері Әбиба Әбужақынова елге оралды, деп хабарлайды 24KZ.
Оны Алматы әуежайына жиналған жанкүйерлер салтанатты түрде күтіп алды. Дүбірлі додада ел мерейін асқақтатқан спортшының ендігі мақсаты қандай?
Ә. Әбужақынова елге оралды
Біріккен Араб Әмірліктерінде дзюдодан өткен әлем чемпионатында қоржынға қола жүлдені салған Әбиба Әбужақынова елге оралды. Татами шеберін Алматы әуежайына жиналған жанкүйерлер салтанатты түрде күтіп алды. Бұрымды қыз үшінші орын үшін белдесуде түркиялық палуан Тугче Бедерден айласын асырған. Әбиба жартылай финалда моңғолиялық дзюдошыға жол берген еді. Бұл – Әбибаның әлем чемпионатындағы екінші қоласы. Бұған дейін Ташкенттегі біріншілікте де үшінші орыннан көрінген. Әбиба жартылай финалда қарсыласқа дайындаған әдісінің сәтсіз болғанын жеткізді.
Әбиба Әбужақынова, әлем чемпионатының 2 дүркін қола жүлдегері:
- Барлық спортшы алтын алуға барады ғой. Өзім ойлағандай болған жоқ. Кішкене моңғол қызына қателік жіберіп, үшінші орын алып қалдым. Алдыңғы 5-ші орын алғам. Одан алдыңғы жылы 3-ші орын алдым. Енді, бұйырса, Олимпиадада финалға барып, чемпион болу – алдағы мақсатым.
Көкпардан жастар арасында ел чемпионаты
Шымкентте көкпардан жастар арасындағы XVIII ел чемпионаты басталды. Сайысқа әр өңірден 12 команда мен 140-қа жуық шабандоз қатысып жатыр. Тақымға серке басқан жігіттердің сайысы 30 мамырға дейін жалғасады. Жаттықтырушылар жас спортшылар мен тұлпарлардың дайындығы жоғары деңгейде екенін айтты. Ел чемпионаты – үздіктерді іріктеу алаңы. Себебі сайыста жүзден жүйрік шыққан спортшы ұлттық құрамаға енеді. Сонымен қатар ерекше бапталған көкпар аттары да осы жерде таңдап алынады, – дейдіі мамандар. Ал былтырғы ел біріншілігінде Жамбылдың «Әулиеата» командасы жеңімпаз атанған болатын.
Елшілер тоғызқұмалақтан сынға түсті
Терең ой мен тапқырлықты талап ететін тоғызқұмалақ – көнеден келе жатқан қазақтың ұлттық ойындарының бірі. Оны тарих бетінен өшірмей, келер ұрпаққа жеткізу мақсатында қазір келелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, – дейді федерация басшылары. Иә, «елдестірмек – елшіден». Бүгін Астанада елшілік қызметкерлері арасында жарыс ұйымдастырылды. Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының ұйытқы болуымен өткен сынға 10 елдің дипломатиялық өкілдіктерінің қызметкері қатысты.
Қыркүйек айында елордада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасында тоғызқұмалақ та бар. Бұл сынға әлемнің 50-ден астам елінен тоғызқұмалақ шеберлері келеді.
Әлихан Бәймен, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті:
- «Елдестірмек – елшіден» дейді ғой. Бұл кісілер қазақтың, бір жағынан, мәдени мұрасын тереңірек тану үшін, екінші жағынан, біздің ұлттық зияткерлік ойынымызды өздері үйреніп, сол арқылы ақпаратты еліне тарату үшін елшілер арасындағы жолдастық кездесу ұйымдастырып отырмыз.
Қазақстан бокс құрамасы Таиландқа жетті
24 мамыр күні Бангкокте бокстан соңғы лицензиялық турнир басталады. Жауапты бәсекеде Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алу үшін елден 6 боксшы аттанған. Ерлер арасында 63,5 келі салмақ дәрежесінде сынға түсетін Мұхамедсабыр Базарбайұлы мен 5 қыз бар. 50 келіде Назым Қызайбай, 54 келіде Ұлжан Сәрсенбек, 60 келіде Римма Волосенко, 66 келі және 75 келі салмақ дәрежесінде Наталья Богданова мен Валентина Хальзова рингке шығады. Бұл екінші әлемдік лицензиялық турнирге 133 командадан 600 боксшы қатысуға өтініш білдірген. Париж Олимпиадасына 13 салмақ дәрежесінде 248 жолдама қарастырылған, соның ішінде соңғы лицензиялық турнирде қалған 51 жолдама үлестіріледі.
Боксшылар жарысы басталды
Алматыда бокстан дәстүрлі Сағадат Нұрмағамбетов жарысы басталды. Халық қаһарманы, армия генералының 100 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған сынға еліміздің барлық өңірінен және Армения мен Әзербайжан, Қырғызстан мен Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстаннан 150-ге жуық үміткер қатысып жатыр. Осымен 27-ші рет жалауы желбіреген дәстүрлі турнир талай таланттың томағасын сыпырған. Нұрмағамбетов жарысында топ жарған былғары қолғап шеберлерінің алды әлем және Олимпиада ойындарында олжа салды. Биылғы жарысқа да айдарынан жел ескен кіл мықтылар жиналыпты. Жыл сайын жарыстың өтуіне ұйытқы болып жүрген ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық спорт комитеті биыл да турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырыпты.