Корейлік палуандар қазақ күресінен бақтарын сынайды
Оңтүстік Корея Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 14 адамнан тұратын делегация жіберуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды 24kz.
Бұл туралы Ссирым корей күресі қауымдастығы хабарлады. Ұлттық спорттың бұл түрі Көшпенділер ойындары бағдарламасынан бір ай бұрын алынып тасталған еді. Шешімді ойындарды ұйымдастыру комитеті қабылдаған. Енді палуандар Көшпенділер ойындарында қазақ күресі бойынша бақтарын сынайды. Оларды турнирге Қазақстан «Қазақ күресі» ассоциациясының өкілі дайындап жатыр.
Айта кету керек, корей мен қазақ күресі бір-біріне ұқсас. Корейлер құм үстінде және күртешесіз белдеседі. Салмақ дәрежесі 70 келіден басталады.
Алмас Бекмұратов, «Қазақ күресі» ассоциациясының Кореядағы өкілі:
- 74-тен жоғары келеміз деді, кіші салмақтарға 55-60 кг салмақтарға балалар табамыз деп өздері уәде беріп отыр. Іріктеу жарыстары енді болады. «Қазақ күресі» ассоциациясымен «Корей ссирым» ассоциациясымен өткен жылы мамыр айында меморандумға қол қойылған. Екі аралық ынтымақтастық. Жарыстар болсын бірге өткіземіз деген. Енді бірінші жарысымыз осы болып тұр қазақ күресінен көшпенділер ойынына.