Асық қайда жоғалды?

«Асық ойнаған азады, доп ойнаған тозады».

Мақалда заманына қарай айтылады екен. Ескіреді екен. Әйтпесе қазір қызыл асықтың қадірі артып тұр. Тіпті баяғыдай бала ғана емес, үлкендер де ойнауға көшті. Қарап тұрсақ, спорт та, есеп те, миды тынықтыру да осында екен.   

Тіпті білім ұйымдары үйірмелер өткізіп, асықты пән ретінде енгізбек.

Елордада асық атудан ел чемпионаты өтті. Бұл сол бәйгеде бақ сынаған балалар. Далада ойнаса алаңның шаңын шығарады. Тек қазіргі балалар далада жүрген жоқ. Ал қолдағысы кәдуілгі қойдың сүйегі емес. Қолдан жасалған асық. Бірақ ойыннан жаңылмайды. Батыс Қазақстаннан келген ойыншы Болат Бексұлтан да құлжа сақасын сандыққа тастап, жарысқа жасанды асықпен келген.  

Бексұлтан Болат, асықшы:

 - Бексұлтан айтшы, мына  пластик асықтарға қарағанда табиғи асықпен ойнаған ыңғайлырақ па?

- Иә.

- Қандай ерекшелік бар екі асықтың?

- Жеңіл.

- Яғни жеңіл, атқан кезде ұшқалақ, жеңіл екені сезіліп тұрады я?

- Я.

Асық спорты халықаралық федерациясының  мамандары, төл ойынымызды төрткүл тарапқа таныту үшін асықтың өзін емес пластик түрін қолдануға мәжбүрміз дейді. Осылай жасасақ, шет елдерде де сақа шиырып, кеней көздейтіндер көбейеді.

Жомарт Оразов, асық атудан ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы:

- Қойдың асығымен ойнамайтын себебіміз Еуропа елдерінде сыртқа шыққанда  Greenpeace деген  халықаралық мекеме бар. Ол жануарларды қорғайды барынша, ойнауға болмайды. Сондықтан пласмасса, тек ғана пласмасса емес ішінде әр түрлі қоспалар бар. Оның ішінде смала бар, тасқа ұқсас... салмағы болуы керек, мықты болуы керек, жарылмау керек, шытынамау керек. Стандарт салмақпен бекітілді және көптеп шығаруға болады мұны.

Алшысынан түсіріп, тәйкі, бүк, шік десіп жататын күндер келмеске кеткен-ді. Кейінгі толқын қойдың жілігін мүжіп, асығын алып, оған қорғасын құймайды. Бірақ  ұлттық ойынымызға ден қоя бастаған. 

Олжас Құспанов, көшпенділердің асық спорты халықаралық федерациясының президенті:

- Мектептер мен балабақшаларда дамыту тетіктері бар. Солардың ішінде қамтылатын болады. Міндетті түрде мектеп ашылатын кезде материалдық базасында сатып алынатын болады. Жеткілікті деңгейде сол мектептің балалары ойнап танып, біліп, күнделікті өмірде қолданылатын деңгейге жеткізуіміз керек. 

Балалармен қатар ұлттық ойынмен тұрақты шұғылданатын ересектер де бар. Алпысты алқымдаған астаналық Советхан Жағиев асық ойыны денсаулыққа пайдалы дейді. Сондай-ақ, кәсіби спортшы түрлі жарыстарда топжарып жүр екен. 

Советхан Жағиев, Астана қаласының тұрғыны:

- Жаттығудан қалмаймын, өйткені бұл жаттығу жүгіресін,  былай 6м, былай 6 м  кругқа жүгіресіз. 15 минут, бір ойында 15 минут жүгіресіз. Тұрасыз, отырасыз, аласыз сақаларды. Былай білінбейді, бірақ жаттығу көп жасайсыз.  Менің жасыма өте ыңғайлы да. Мен ойнайтын нем 40, 50, 60 жас ардагерлер арасында. Сонда Павлодар қаласында 2 орын алып, жүлделі болып қайттық. 

Советхан Жағиев те үйдегі асығы қойдыкі болғанмен жарыста пластик асықпен ойнайды. Әйтеуір, қойдың асығы емес демесеңіз атадан қалған бұл ойын ұмытылмайтын тәрізді. Өйткені елде асық спортын жанына серікеткен 100мыңға жуық ойыншы бар. Ұлттық ойынымызды ұлықтап, ұрпақ жадында жаңғыртып жүрген жаттықтырушылардың да саны мыңнан асты.

Шернияз Жалғасбекұлы, Ерлан Наурызбаев