8 дзюдошымыз Олимпиадаға қатысады
Жібек Құламбаева жартылай финалға шықты, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақ қызы Италияның Бари қаласында теннистен WTA 125 санатындағы турнирге қатысып жатыр. Құламбаева португалиялық Франциска Хорхемен жұптасып, ширек финалда аргентиналық және румыниялық спортшыларды ұтты. Ал келесі қарсыластары әзірге белгісіз.
8 дзюдошымыз Олимпиадаға қатысады
Бірер сағат бұрын Париждегі жазғы ойындарда өнер көрсететін спортшылар тізімі жарияланды. Жалпы жапон жекпе-жегінде лицензия арнайы рейтинг бойынша беріледі. Міне, соған сәйкес қазақстандық қыз-жігіттер 8 жолдамаға ие болды. Яғни ерлер арасында 5, әйелдер арасында 2 салмақта жүлдеге таласамыз. Бұған қоса командалық сында тағы бір лицензиямыз бар. Атап айтқанда, 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев, 73 келіде Данияр Шамшаев, 81 келіде Абылайхан Жұбаназар, ал 100 келіде Нұрлыхан Шархан татамиге шығады. Тек 60 келідегі үміткеріміз белгісіз болып тұр. Бұл жерде рейтингке кірген 3 спортшы бар. Олар: Нұрқанат Серікбаев, Елдос Сметов және Мағжан Шамшадин. Олар енді ертең Алматыда өзара мықтыны анықтап, жеңіске жеткені Олимпиадаға аттанбақ. Ал әйелдер арасында ең жеңіл және ең ауыр салмақта, сәйкесінше Әбиба Әбужақынова мен Камила Берліқаш белдеседі. Ұлттық құраманың тағы мүшесі орта салмақтағы Эсмигүл Қүюлова Олимпиаданың командалық жарысында бақ сынайтын болды.
Рыбакина жартылай финалға шыға алмады
Францияның Париж қаласында теннистен жылдың басты бәсекелерінің бірі «Ролан Гаррос» турнирі жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні ширек финалдық матчтар аясында қазақстандық Елена Рыбакина мен италиялық Ясмине Паолини кездескен болатын.
Айта кету керек, Елена қазір әлемдік рейтингте 4-ші, ал Ясмине 15-ші орында тұр. Соған қарамастан кейінгісі табандылық танытып, жеңісті жұлып алды. Қорытынды есеп: 6:2, 4:6 және 6:4. Осылай жерлесіміз жартылай финалға жетпей, жарыс жолынан шығып қалды. Мұны спорт мамандары сенсациялық жеңіліс деп бағалап жатыр. Өйткені Рыбакина, жоғарыда айтқандай, әлем рейтингінде әлдеқайда жоғары және дәл осы жарыс барысында бірде-бір сетте жеңілмеген еді.
Айта кетейік, Париждегі байрақты бәсеке 10 маусымға дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры 53 миллион 500 мың еуроны құрайды.
Әмір Омарханов ширек финалға шықты
Ол да Париж қаласындағы «Ролан Гаррос» турнирінің жасөспірімдер арасындағы бәсекесіне қатысып жатыр. Қазақстандық теннисші жұптық сында ресейлік Тимофей Дерепаскомен бірге өнер көрсетіп жатыр. Олар екінші айналымда жарыстың 5-ші ракеткалары, франциялық Чарли Камю және аустралиялық Хайден Джонспен кездесті. Матч тартысқа толы болды және бірінші партия тай-брейкке дейін созылып, қазақстандық-ресейлік жұп шешуші сәтте жеңісті жұлып алды. Қорытынды есеп: 7:6. Ал екінші сетте Омарханов-Дерепаско жұбы 3 брейк жасап, 6:2 есебімен басым түсті. Әмір Омархановтың кезекті қарсыластары әзірге белгісіз. Жасөспірімдер арасындағы бәсекенің жалпы қорытындысы 9 маусымда белгілі болады.
Александр усик қолдау танытты
Александр Усик Жәнібек Әлімханұлына ақыл-кеңесін айтып, барынша қолдау танытты. Жуырда ғана аса ауыр салмақта абсолютті әлем чемпионы атанған украиналық боксшы Лас-Вегас қаласында Жәнібек жаттығып жатқан залда болды. Ол Жәнібектің спаррингтік кездесулерін көріп, өз білген-түйгенімен бөліскен. Бұл жөнінде қазақстандық кәсіпқой боксшының өзі әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы кезекті жекпе-жегін бір айдан кейін, нақтырақ айтқанда, 13 шілдеде өткізеді. Қарсыласы – Жаңа Зеландия атынан шығып жүрген ресейлік Андрей Михайлович. Андрей бүгінге дейін жеңіліп көрмеген. Кәсіпқой рингте 21 кездесу өткізіп, оның 13-інде нокаутпен жеңіске жетті. 26 жастағы Андрей IBF тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа міндетті үміткер саналады. Ал Жәнібек – осы белдіктің иегері. Жерлесіміздің еншісінде орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық атақ бар. Енді осыны қорғауы қажет. Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте 15 кездесу өткізіп, 15-інде де жеңіске жетті. Соңғы рет былтыр қазан айында АҚШ-та жұдырықтасып, германиялық Винченцо Гуальтьериден басым түскен болатын.