Ұшқыр бәйгенің елдегі әлеуеті қалай?

Күзге салым елде Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді.

Түркі елдерінің олимпиадасы саналатын жарыстың бағдарламасында ұлттық аламан бәйгеден бөлек, классикалық ұшқыр бәйге де бар.

Иә, бәйге – ұлттық спорттың ішіндегі ең төресі. Қазақ бар жерде жылқы, жылқы болған жерде бәйге бар. Тарихта ұзаққа ат шаптырған ас, аста-төк той көп болған. Ал ұшқыр ат жарысы бәйгенің бір бөлшегі ғана еді. Бірақ әлемде осы ұшқыр ат жарысы танымал. Енді осы ұшқыр бәйгенің елдегі өрісі қандай?

Иә, қазір бұл тұлпарды танымайтын адам кем. Оралдық атбегі Тілек Мұханбетқалиевтің Кабирханы әлемдік додаларда бірнеше рет ел мерейін асқақтатты. Дубайда өткен әлем кубогында да бақ сынады. Бірақ алдына қара салмаған жүйріктің осы бәйгеде жолы болмады. Сөреден 2 шақырымға 12 ат шығып, Кабирхан тек 8-ші болып келді. Десе де Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен бұл дода қазақ жанкүйерлерінің қатарын қалыңдата түсті.

Қайрат Исхан, жылқытанушы ғалым:

- Ұшқыр бәйгені «гладкий скачка» дейді. Демек бұл жазықта шабыс немесе қазақша ұшқыр бәйге. Ұшқыр дегеніміз қысқа қашықтықта бәйге жылқылардың ұшқырлық сапасын, төзімділігін, жылдамдығын анықтауға арналған. Сондықтан бұл бәйгені әлем мойындайды. 1200 метрден 3500 метрге дейін шабатын бәйге.

Ұшқыр бәйгеден Германияның 4 дүркін жеңімпазы Бауыржан Мырзабаев та әлемдік додаларда көк туымызды желбіретіп жүр. 1 жылда 100 рет топтың алды болған қазақстандық жокей бұл жетістігіне Чехия мектебінде жетілдірген 3 жылдық білімінің арқасында жеткен. Иә енді қазақтың қара домалақ балалары Бауыржанның жетістігін қайталап, тіпті одан асып түсуі де мүмкін. Олай дейтініміз, Еуропада қарқын алған жокейлер мектебі біздің елде де ашылды.

Мақсат Ахаев, «Qazaq Jockey Club» төрағасы:

- Негізгі күрделі мәселелеріміздің бірі жокейлердің жетіспеушілігі еді. Сондықтан биыл жокейлер мектебін аштық. Оған Гилеспи деген ирландиялық маманды шақырып, осы уақытта жокейлерді үйретіп жатырмыз. Ол атқа отыруды, шауып келе жатқанда атқа күш беруді, аттың үстінде қанша секундпен шауып келе жатқанын болжауды, одан кейін қай кезде күш жұмсау керектігін, қай жерде атты тартып қалу керектігі – оның бәрі үлкен мәдениет. Оны үйренбегенге оңайға соқпайды.

Иә, қазақ балаларына жокейлік өнерді ирландиялық Диклан Гилесби үйретіп жүр. Ол – тегін адам емес, зейнеттегі шабандоз. Тіпті Еуропада алмаған бәйгесі қалмаған ұлы шабандоз деген лақап атқа ие. Қазір ол балаларға жеке-жеке лекция оқып жүр.

Диклан Гилесби, ирландиялық бапкер:

- Бір таңғалғаным, Қазақстанда жас балалардың қызығушылығы өте жоғары. Олар қорықпайды, атқа мығым отырады. Менің ойымша, бұл – қанда бар қасиет. Екіншіден, мұнда жүйрік аттар көп, әлемдік деңгейде өнер көрсете алады деп сеніммен айта аламын. Бірақ ол үшін тәжірибе керек. Яғни классикалық ат шабыстар көп ұйымдастырылуы керек.

Бұл мектепте Бауыржан Мырзабаевтың өзі келіп, шеберлік дәрістерін өткізеді. Шеберлігін шыңдауға 16 жастан жоғары, ақыл тоқтатқан, жылқыға деген құлқы, құштарлығы бар балаларды алады. Мамандар: «Бастысы, оқу тегін», – дейді. Сондай-ақ шабандоздар бұл жерде аттың сынын, бағып-қағуын, жаратуды, бәйгеге шабуды үйренеді. Тіпті жылқы тұқымын асылдандыру, ауырса, емін табу да осында оқытылады. Сөйтіп ат спорты мамандары дайындалады.

Күзге салым елде Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Түркі елдерінің олимпиадасы саналатын жарыстың бағдарламасында ұлттық аламан бәйгеден бөлек классикалық ұшқыр бәйге де бар. Осыған байланысты елордадағы Қазанат ипподромы жөндеуден өтіп жатыр. Тұлпарлар тұяқтан қалмас үшін бәйге алаңына құм төселеді, сондай-ақ көрермендерге арналған орын саны да артпақ. Бір сөзбен айтқанда, халықаралық стандартқа сай жасалады. Егер жөндеу жұмыстары сәтті аяқталса, бұл жерде Көшпенділер ойындарынан бөлек, ұшқыр бәйге түрлерінен әлемдік додаларды өткізуге де мүмкіндік тумақ.

Авторы: Әлішер Әли.