Қазақстандықтар VI Этноспорт мәдени фестивалінде өнер көрсетеді
Ыстамбұлда Бүкіләлемдік этноспорт мәдени фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Халықаралық шараға әлемнің 30 елінен мыңға жуық спортшы қатысып жатыр. Біздің де рухты палуандарымыз бен білекті ұлдарымыз Анадолы жерінде жүр.
Түркияның Ыстамбұл қаласында өтіп жатқан VI Этноспорт мәдени фестивалі 4 күнге созылады. Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы ұйытқы болған ауқымды іс-шараға 30 елден келген мыңнан астам спортшы қатысып жатыр. Елімізден Аударыспақ және теңге ілу федерациясының спортшылары өнер көрсетеді.
Азат Түлкібай, спортшы:
- Өзіміздің барынша өнерімізді көрсетуге келдік. Түріктерге және басқа да ұлттарға V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырту мақсатында теңге ілу өнерін көрсетеміз.
Қазақстаннан барған спортшылар ұлттық нақышта безендірілген киіз үй тікті. Айта кетерлігі, ұйымдастырушылар Ыстамбұлдағы этноспорт фестиваліне 1 млн кісі келеді деп болжап отыр.
Исламбек Салжанов, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті:
- Баршаңыз білесіз, биыл Президенттің бастамасымен Қазақстанда қыркүйекте V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны жоспарланып жатыр. Оған 3 мыңнан астам спортшы келеді. Оның өтуіне дүниежүзілік конфедерация үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Әрине, ол жай спорт емес, еліміздің мәдениетін, руханиятын дамытуға үлкен үлес қосатынына сенімдіміз.
Абылай Қондыбаев, Көшпенділер ойындары дирекциясы басшысының орынбасары:
- Өзіміз делегациямен келдік. Көшпенділер ойындарын өткізу бойынша дирекциясы қызметкерлері. Негізгі біздің мақсатымыз – осында түркі еліне, түркі халқына өзімізде өтетін Көшпенділер ойындарының үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, ол ойындар бойынша ақпараттандыру және осы қыркүйек айында болатын Көшпенділер ойындарына барлығын шақыру. Өйткені түрік халқын көшпенді халықтардың бірі болып табылады.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Қаракөз қазақтарымыз да ұлттық мәдениетін таныстыру үшін арнайы киіз үй құрыпты. Бұл – Ыстамбұлдағы Алтай қазақ қауымдастығы жастары. Ұлттық киіміз бен тағамдарымызды 4 күн бойы осында таныстырмақ.
Айта кетерлігі, фестивальде дәстүрлі спорт түрлері бойынша сайыстар, ұлттық салт-дәстүрлер, қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдар көрмесі өтіп, дәстүрлі әндер орындалып, балалардың ұлттық ойындары ойналмақ.
Авторы: Меруерт Қанағат.