Ағайынды боксшылар әке үмітін ақтауды көздейді
Бүгін халықаралық әкелер күні. Бұл оларға деген сүйіспеншілік пен ризашылықты білдіруге арналған мереке.
Перзентін алғашқы қадамынан бастап, ұлы жетістікке жетелейтін де осы жандар. Оған дәлел елорда тұрғыны Рахат Қуандықов. Оның қос бірдей баласы Олимпиадада бақ сынайды.
Айбек пен Нұрбек Оралбай. Қазір бұл жігіттерді білмейтін адам кем. Біреуі әлем, ал екіншісі Азия чемпионы. Бокстан ел тарихында тұңғыш рет олимпиадаға баратын егіз спортшы да осылар. Иә айта берсең алты атаңға жүк болатындай атақтары бар. Алайда бұл жетістіктің артыңда әкелері тұрғанын жұрт біле бермейді. Нұрбек пен Айбекті спортқа алғаш алып келген әкесі Рахат Қуандықов. Ол да тегін адам емес. Күрестен спорт шебері, қазіргі таңда осы жолда шәкірт баулып жүр..
Рахат Қуандықов, күрестен спорт шебері:
- Енді біз 2007 жылы осы жұмыс бабымен Астанаға келген келдік осы 2007 жылдары. Сомен келген жылы өзі осы балдарымды Айбек пен Нұрбекті өзі кішкентайынан күреске апарып жүргенбіз, залға. Екеуін азанда, түсте, беймезгіл тренировкаға беретінмін. Өзім еркін күрестен тренер болдым. Содан осы 2007 жылы келген жылдарымыз Астанаға содан спорт залын алдық, іздедік. Сомен Алатау деген спорткомплекс іздеп барып, сол Асқарға бердік.. Содан бері міне әлі күнге шейін осы бокстың несінде келе жатыр. Үйірмесінде.
- Енді үйдегі жаттығу, баланы білесіз ғой, жарысқа барып келгеннен кейін бала шаршайды. Ол кезде енді 1-2 күн демалдырып, сосын айтамын: ұлдарым енді үлкен жарыстар болып жатыр. Өздерің әрқашанда неде формада болып жүру керексіңдер. Өзім енді боксер болмасам да, енді боксердің енді сырт жағын кішкене үйреніп қалдық қой енді. Осы екі ұлым бокста жүргеннен кейін.
Халқымызда бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды деген тәмсіл бар. Иә оны егіздер де растап отыр. Ірі додаларда әкенің айтқан ақылы бізге демеу дейді боксшылар.
Нұрбек Оралбай, бокстан ұлттық құрама мүшесі:
- Енді әкеміз өзі спортсмен болғаннан кейін түсінеді. Спорт болғаннан кейін жеңіс пен жеңіліс бірге жүреді. Ұтылып келген сайын біздің енді, бізді қолдап “Сендер әлі мықтысыңдар, бұдан да мықты боласыңдар. Бұл жай ғана қазіргі сендердің енді.. Тренировка дұрыс істемедіңдер, осы жерде дұрыс болмай қалды” деп айтып өтеді. Одан кейін бізі наоборот тренировканы жақсылап істеп, екі есе, үш есе қылып қатты істеп, сонымен Аллаға шүкір әлем чемпионы болдық.
Айбек Оралбай, бокстан ұлттық құрама мүшесі:
- Әкеміз бізбен жарыстарға барады. Ташкентте өткен әлем чемпионатында барып, бізге қолдау білдірді. Әкеміз отырған жерде әкемізді ұятқа қалдырғымыз келмейді. Сондықтан бар күш – жігерімізді саламыз. Ұтылып қалған жағдайда бізге ешқандай да ұрыспайды. Өз ақылын айтады. Өзі тренер болғандықтан үлкен тәжірибесі бар. Сондықтан әкеміз осы уақытқа дейін енді бірінші Алла, сосын әкеміз себепкер деп айтамыз. Себебі ұтылсақ та қасымызда. Әрқашан қолдауын білдіріп жүреді.
Иә спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Аяқтан шалатын тұстар да көп болады. Рахат Қуандықов осындай жағдайда ұлдарым күйзеліске түспес үшін әрдайым жігерлендіріп, қолдау көрсетемін дейді.
Рахат Қуандықов, күрестен спорт шебері:
- Жеңілген де күндері болды балалардың. Келген кезде айтамын ештеңе етпейді, мұңайма, спорт деген ол жеңіс пен жеңіліс бірге жүреді. Алдарыңа нелеріңді қойсаңдар, мақсаттарыңды үлкен дәрежеге жетесіңдер. Үлкен жарыстарда ұтылған, кезінде ұтылған балаларын ұтып жатқан уақыттар да болып жатыр. Сол мақсатпен осындай дәрежеге жетіп отыр да..
Баланың жақсы жетістікке жетуі үшін таудай талап пен тастай тәртіп керек. Оны қалыптастыратын ол әрине бапкер. Егіздер 9 жасынан бастап белгілі жаттықтырушы Асқар Еркебаевтың қол астында машықтанады. Боксшылардың әкелері өзі күреспен айналысса да, Асқардың біліктілігіне сеніп боксқа алып келген.
Асқар Еркебаев, бокстан жаттықтырушы:
- Енді негізі Айбек, Нұрбектің спортқа келуіне ең бірінші себепкер олардың әкелері. Және маған, менің үйірімде қалғандарына да себепкер әкелері. Содан кейін сол бастан маған айтқан. «Еті сенікі , сүйегі менікі» деген. Сол сөзінен әлі тайған жоқ. Жарыстарға келеді иә. Жалпы ол кісіден 100% поддержка көреміз. Қай жағынан болсын бізді әрдайым поддерживать етеді. Көмегі зор.
Иә қос бірдей ұлың Олимпиадада өнер көрсетсе одан асқан қуаныш жоқ. Париж бәсекесі тура 40 күннен кейін басталады. Нұрбек Оралбай 80 келіде бақ сынаса, Айбек 92 келіде сынға түседі. Қазір олар оқу жаттығу жиындарында шеберліктерін шыңдап жүр. Басты мақсат олимпта топ жарып, әке үмітін ақтау.
Әлішер Әли, Ақылбек Есімсейітов