Марафоншы Еренғайып шөл даланы кесіп өтті
Отандық марафоншы 57 градус ыстықта 250 шақырымды жүгіріп өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Еренғайып Қуатайұлы бұл жолғы сапарын 6 күнде аяқтаған. Ол жүгіріп өткен Намибия өлкесі – Африка ғана емес, әлемдегі ең ыстық шөлдердің бірі.
Намибия шөлі ел арасында «Өлім жолы» деп аталады. Бұл – Африка ғана емес, әлем бойынша ең ыстық әрі кәрі шөлдердің бірі. Марафоншы Еренғайып Қуатайұлы осы шөлде 250 шақырым жолды жүгіріп өткен. Ал күн болса 57 градус ыстық. Сөйтіп жерлесіміз осы жарысқа қатысқан 150-ге жуық адамның арасынан жалпы есепте бесінші болып келді.
Еренғайып Қуатайұлы, марафоншы:
- 47 мемлекеттен 147 адам қатысты. Сол финишке 22-23 адам жете алмай қалды. 3 күні өте ыстық болды. 57 градус ыстық болды. Соған шыдамай, көп адам шығып қалды. Ең үлкен адам 75 жастағы жапон азаматы болды. Ақсақал. Бірақ, өкінішке қарай, сол 57 градусқа шыдамай, ол кісі шығып қалды.
Еренғайып бұл жарыста 10 келі жүкпен жүгірген. «6 күн бойы ішетін тамағыңды, көрпе-жастығыңды арқалап жүгіру оңай болмады», – дейді марафоншы.
Еренғайып Қуатайұлы, марафоншы:
- Көрпе-жастық, «спальный мешок», 6 күн жейтін тамақ, керек-жарақ заттар болады арнайы талап етілетін. Су соның бәрін көтеріп жүгіресіз. Шамамен бір 10 келі жүк болады арқаңызда. Сосын әрбір 4 шақырым сайын шатыр болады, лагерь. Ұйымдастырушылар тігеді. Ұйымдастырушылар тек суық су, ыстық су береді. Ыстық сумен тамақ ішесіз. Суық суды жолда ішесіз.
Еренғайып Қуатайұлы бұл спорт түрімен 40 жасында толықтай айналыса бастаған. Былтыр Америкада 6 мейджор-марафонды 3 сағат ішінде жүгірген алғашқы қазақстандық атанды. Ол дайындық кезінде бір күнде 80 шақырым жүгірген кезі де болғанын айтады.
Жанболат Қадыров, марафоншы:
- Еренғайып шөл даладағы марафонға қатысамын деп шешім қабылдаған кезде мен қарсы болдым. Барынша оны көндіруге тырыстым. Өйткені бұл – қауіпті әрі қиын марафон. Оған үлкен дайындық қажет. Бірақ ол алған бетінен қайтпады. Үздік атанғанына мен де қуаныштымын.
Марафоншы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Әлемдік додалардың қай-қайсысына да олжа салуға дайын.
Авторлары: Зарина Кәп, Ақылбек Есимсейтов.