Рыбакинаның қарсыластары Олимпиадаға қатыспайды

Словакия Бельгияны, ал Франция Австрияны ұтты.

Германияда футболдан Еуропа чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні топтық кезең аясындағы 3 матч болды.

Әсіресе Словакия құрамасы Бельгиядан 1:0 есебімен басым түсіп, өзіндік сенсация жасады. Франция-Австрия матчында да осындай нәтиже тіркелді. Ал Румыния Украины құрамасын 3:0 есебімен жеңді.

Рыбакинаның қарсыластары Олимпиадаға қатыспайды  

Рыбакинаның басты қарсыластары Олимпиадаға қатыспайды. Әсіресе әлемнің үшінші ракеткасы белорус өкілі Арина Соболенко Париждегі ойындарға бармайтын болды. Бұл жөнінде журналист Марио Боккарди өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, Соболенко күнтізбенің тығыздығы мен төсеніш ауыстырудың қиындығына байланысты Олимпиададан бас тартып отыр. Бұған қоса әлемнің 10-шы ракеткасы Тунис теннисшісі Онс Жабер де жазғы ойындарға қатыспайтыны белгілі болды. Ол да негізгі себептердің бірі ретінде топырақ төсеніштегі қиындығымен түсіндірді. Яғни, тізесіндегі жарақатты ушықтырып алғысы келмейд.

Айта кетейік, Париждегі Олимпиада ойындарында теннистен жарыстар 27 шілде мен 4 тамыз аралығында өтеді. Оған Қазақстан атынан Елена Рыбакина қатысады және негізгі үміттеріміздің бірі саналады. Ол қазір әлемдік рейтингіде 4-ші орында тұр. Елена Олимпиадаға дейін бірқатар рейтингілік бәсекелерге қатысып, шеберлік шыңдауды жоспарлап отыр.

 

Астанада халықаралық турнир өтеді

5 елдің үздіктері елордаға жиналады. Бұнда дзюдодан жастар арасындағы  Данияр Макишевті еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді. Оған көрші Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Беларусь құрамалары қатысады. Бұған қоса еліміздің түкпір-түкпірінен келетін жергілікті жігіттер бар. 20 жасқа дейінгілер арасындағы бәсекеде 7 салмақ бойынша мықтылар анықталады. Жеңімпаздарға қаржылай сыйақы қарастырылған. Яғни, бірінші орынға 500, ал екінші және үшінші орындарға сәйкесінше 350 және 200 доллардан беріледі. Данияр Макишевті еске алуға арналған халықаралық турнир Қазақстан жастар командасы үшін әлем чемпионаты алдындағы дайындық додасы болып саналады.

 

Елде Азия Кубогы өтеді

Қазақстан сұрмергендердің құлықтық додасын қабылдайды. Алматы облысында стенд атудан Азия Кубогы өтеді. Байрақты бәсеке 20 қыркүйекте басталып, 10 күнге созылады. Оған 40 елден 500-ден аса қатысушы жиналады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, стенд атудан құрлықтық және әлемдік бәсекелер елімізде тұрақты өткізіліп келеді. Мәселен, 2022 жылы ересектер арасындағы Азия чемпионаты, 2023 жылы ересектер арасындағы Әлем Кубогы болды. Ал оның алдында жастар арасында да Әлем Кубогын да ұйымдастырылды.

Еске сала кетейік, дәл осы спорт түрі бойынша Париж Олимпиадасына 3 жерлесіміз қатысады. Олар 4 жаттығуда медальға қол созып көрмек. Атап айтқанда, Мария Дмитриенко стенд атудың трап бағытында өнер көрсетеді. Ал Әсем Орынбай мен Эдуард Ешеншко скит бойынша жекелей сынға қатысады. Артынша екеуі аралас жұптық сында да жарысқа араласады.

 

Ж. Әлімханұлы: Кез келген чемпионды жеңемін

Физикалық бабым шарықтау шыңына жетті. Қазір кез келген чемпионды жеңемін. Қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы осындай мәлімдеме жасады. Ол әлеуметтік желідегі парақшасына жазба қалдырып, 13 шілдеде бүкіл әлем қазақ стилінің куәсі болатынын жеткізген.

Айта кетейік, Жәнібектің кезекті жекпе-жегіне бірер апта ғана қалды. Ол алдағы айда Жаңа Зеландия атынан шығып жүрген ресейлік Андрей Михайловичпен жолығады. Андрей бүгінге дейін жеңіліп көрмеген. Кәсіпқой рингте 21 кездесу өткізіп, оның 13-інде нокаутпен ұтты. 26 жастағы Андрей IBF тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа міндетті үміткер саналады. Ал Жәнібек – осы белдіктің иегері. Жерлесіміздің еншісінде орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық атақ бар. Енді осыны қорғауы қажет. Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте 15 кездесу өткізіп, 15-інде де жеңіске жетті. Соңғы рет былтыр қазан айында АҚШ-та жұдырықтасып, германиялық Винченцо Гуальтьериден басым түскен еді. Жәнібек пен Андрей арасындағы айқас Лас-Вегас қаласында болады.