Алматыда әуесқой альпинистер марапатталды

Алматыда «Мен бағындырған Алатаудың 15 шыңы» жобасының жеңімпаздарды марапатталды.

Ішкі туризмді дамытуға бағытталған әлеуметтік жобаның талабы бойынша қатысушылар Іле Алатауындағы 15 шыңды бағындыруы керек болатын. Қатысуға ниет білдірген 2500 адамның, 50-ден астамы барлық 15 шыңға қиындықсыз шыққан. Жеңімпаздар қатарында зейнеткер де бар.

64 жастағы Шолпан Нұрсапина «таумен жақындығым бала кезден басталған», - дейді. Мектепте жүргенде туған жеріндегі Тарбағатай тауына шығып, ту тігетінін айтты. Зейнетке шыққалы құрбыларымен бірге топ құрып, Алатаудың шыңдарына шығуды әдетке айналдырған. Әлеуметтік жоба басталмай тұрып, жеті шыңды бағындырған Шолпан апай, қалған сегіз бағытты да қиындықсыз аяқтапты. 

Тіпті тауға үйреніп қалғаным соншалық, аклиматизация да оңай болды, дейді ол. Бүгін Шолпан апай жеңімпаздар қатарында.

Шолпан Нұрсапина, әуесқой альпинист:

- Енді ең қиын болғаны «Каргалинский», «Каменский». Солар кішкене қиындау болды. Өйткені өте ұзақ. Әлгі перевал «Бүркіттас» деген, өте сырғанақ, әлгі аяғыңды басқан сайын, артқа кетіп отырады.  Сол кішкене қиынырақ болған сықылды. Өзім былай ойлап қарасам. Басқалары былай қиын болмады, ана «Амангелді» шыңына барғандар маған өте қатты ұнады.

«Мен бағындырған Алатаудың 15 шыңы» әлеуметтік жобасы екі жыл бұрын басталған. Мақсат – ішкі туризмді дамыту, табиғаттың кереметін көрсету, дейді ұйымдастырушылар. Алатауды бетке алғандар бұрыннан танымал «Көк жайлау» мен «Фурманов» шыңын бағдар етеді. Ал шын мәнінде жаңа бағыттар өте көп. Ұйымдастырушылар Альпинизм федерациясы мамандары мен кәсіби гидтермен ақылдасып, Алматы маңынан қолжетімді 15 шыңды анықтап, туристік аймақты кеңейтті. 

Қажым Жұмалиев, "Табиғат" республикалық қауымдастығының жетекшісі:

- Мұндай керемет нәтиже болады деп өзіміз де күткен жоқпыз. Жобаға 2500 адам қатысты. Жоба талабы бойынша олар өздерін шың басында суретке түсіріп, арнайы хэштегті белгіледі. Оларға әр шыңды бағындырған сайын, значок бердік. Нәтижесінде 57 адам 15 шыңға шықты.

Әуесқой альпинистерді марапаттау салтанынатына жақында ғана әлемнің ең биік шыңы Эвересті бағындырған тұңғыш қазақ қызы Анар Бурашева да келді. 

Анар Бурашева, Эверест шыңын бағындырған альпинист:

- Менің ойымша, алпинистік жол, ол өте қиын. Бірақ біз, біріншіден өзіміздің отанымыздан бастау керекпіз. Сондықтан әр адам осы 15 шыңды бағындырған, менің ойымша нағыз патриоттар шығар. Өйткені бұл жеңіл емес. Кейбіреулері жеңіл болса кейбіреулері техникалық өте қиын, қауіпті. Сондықтан мен өте ризамын.

Әуесқой альпинистер бағындырған шыңдардың қатарында теңіз деңгейінен 4000 метр биік таулар да бар. Барлық қатысушылар альпинизм техникасының негіздерін үйрететін кәсіби мамандардың дайындығынан өтті.

Гүлжан Көланқызы, Сұлтан Бейсекенов