ЮНИСЕФ V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының серіктесі атанды
Испания уақытынан бұрын плей-оффқа шықты.
Ал Англия өз қақпасына гол жіберіп, жеңіске жете алмады. Дәл қазір Германияда футболдан Еуропа чемпионаты өтіп жатыр. Күн өткен сайын командалар арасындағы тартыс күшейіп, жанкүйерлердің қызығушылығын арттырып жатыр.
Еуро-2024: Испания плей-оффқа шықты
Футболдан Еуропа чемпионаты жалғасып жатыр және жарыстың кезекті күні Испания мен Италия құрамалары жолықты. Матч Германияның Гельзенкирхен қаласында өтті. Оның барысында бір ғана гол соғылды. 55-ші минутта италиялық қорғаушы Рикардо Калафьори автоголдың авторы атанды. Соның арқасында Испания құрамасы жеңіске жетіп, тіпті уақытынан бұрын плей-оффқа да шықты. Бұған дейін «А» тобында Германия құрамасы осындай мүмкіндікке ие болған. Енді екінші болып «В» тобынан Испания жолдама алып отыр. Бұл топта 6 ұпаймен дәл осы испаниялықтан көш бастап тұр. Одан кейін 3 ұпаймен Италия құрамасы келеді. Ал Албания мен Хорватияда 1:1 ұпайдан бар. Сәйкесінше енді үшеуі ақтық турда плей-оффтың жалғыз жолдамасын сарапқа салады.
Еуро-2024: Англия мен Дания тең түсті
Еуропа чемпионаты аясында «С» тобындағы кезекті кездесулер өтті. Әсіресе футбол жанкүйерлері жарыстың басты фавориттері саналатын Англия мен Дания матчын тағатсыздана күткен еді. Франкфурт-на-Майне қаласындағы матч аса тартысты болды және 1:1 есебімен аяқталды. Алдымен Англия құрамасындағы Харри Кейн мергендігімен көзге түсті.
Айта кету керек, бұл – Кейннің биылғы маусымда өз командасы және өз құрамасы сапында соқан 50-ші голы. Осы арқылы ол бірнеше рекордты жаңартты. Ал қарымта доптың авторы даниялық Мортен Юльман болды. Тағы бір қызықты дерек. Бұл осы жарыста ағылшындар қақпасына соғылған алғаш гол болып саналады. Аталмыш мачтқа паралель «С» тобындағы қалған екі команда, яғни Словения мен Сербия да кездескен еді. Бұнда да 1:1 есебі тіркеліп, командалар тең тарқасты.
Футболдан Еуропа чемпионаты
Сонымен кезекті жарыс күнінің қорытындысы бойынша Англия уақытынан бұрын плей-оффқа шыға алмады. Десе де 4 ұпаймен топ бастап тұр. Одан кейін Дания мен Словения құрамалары келеді. Олардың ұпай көрсеткіштері бірдей. Ең соңғы сатыға Сербия командасы жайғасты. Десе де оның да плей-оффқа шығу мүмкіндігі бар. «С» тобының кезекті мачтары 25 маусымда өтеді. Шешуші турда Англия Словения құрамасымен кездеседі. Ал Дания Сербиямен жолығады.
Футболдан Қазақстан кубогі
Елімізде де аладоп аламаны қыза түсті. Әсіресе Қазақстан Кубогын сарапқа салатын қос команда анықталды. Ішкі біріншіліктің жартылай финалы аясында Атырау командасы Тобылды айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп: 4:0. Осылайша, өткен маусымда қарсылас шыдатпаған қостанайлықтар өз атақтарын қорғап қала алмады. Екінші жартылай финалда Елімай клубы Ақтөбені жеңді. Десе де екі кездесудің қорытындысы бойынша ақтөбеліктер финалға жолдама алды. Осы ойында төрешілер Шығысты аяқтан шалды дегенде дау шықты. Әсіресе Елімай соққан голы есепке алынбаған. Бірақ жалпы нәтиже өзгеріссіз қалды. Енді финалда Атырау мен Ақтөбе жолығады. Шешуші матч қыркүйектің 29-ы болады деп жоспарланып отыр.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары тек мәдени және спорттық шара ғана емес, сонымен қатар балалар құқықтары мен инклюзиясы мәселелерін шешуге көмектесетін алаңға айналуы қажет. Осы мақсатта қазақстандық тарап БҰҰ-ның ЮНИСЕФ ұйымымен арнайы меморандуға қол қойды. Яғни ЮНИСЕФ V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының коммерциялық емес серіктесі атанды. Оның аясында халықаралық мамандар волонтерлерді оқытуға белсенді атсалысады. Сонымен қатар этноауылда балалар мен олардың ата-аналары үшін танымдық іс-шаралар мен интерактивті мастер-кластар өткізеді. Ал ғылыми бағдарлама аясында бүлдіршіндерге қатысты зерттеулердің нәтижесімен бөліседі. Тағы бір айта кетерлігі, байрақты бәсеке барысында балалардың таным көкжиегін кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға ерекше көңіл бөлінбек. Көшпенділер ойындарының өзі 8 қыркүйекте басталып, 13 қыркүйекке дейін жалғасады. Жарысқа 89 елден 2500-ге жуық қатысушы келеді деп жоспарланып отыр.