Ділдәбеков турнирі өтіп жатыр
Бокстан Олимпиада және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбековтің құрметіне жастар арасында дәстүрлі халықаралық бокс турнирі басталды.
Орта Азия біріншілігінен кем түспеген турнир көрігін Грузия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан мемлекеттерінен арнайы келген былғары қолғап шеберлері қыздырды.
Жарыс жеңімпаздары 28 маусым күні анықталады. Шаршы алаң бәсекесінде Қазақстан жастар құрамасы сапындағы үздіктердің барлығы жүр. Олардың ішінде Азия чемпионы Төрехан Сабырхан да бар. Турнирдің бас қонағы ретінде кубалық Алексис Рубалкаба арнайы келіпті. Ол Мұхтархан Ділдәбековпен Сидней олимпиадасында жұдырықтасып, жерлесіміздің жеңіске жеткені тарихта жазулы тұр. Екі боксшы 24 жылдан кейін жолығып тұр. Кубалық қонақ қазақ елінің құрамасына Париж Ойындарында сәттілік тіледі.