Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жекке дайындалып жатыр
Спарринг жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Келесі айдың 13-інде жекпе-жек. Екі бірдей Әлем чемпионы титулын қорғаймыз. Қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы осындай мәлімдеме жасады. Ол әлеуметтік желідегі парақшасына жазбамен қатар дайындық барысындағы суреттерін де жариялады. Айта кетейік, Жәнібектің кезекті жекпе-жегіне бірер апта ғана қалды. Ол алдағы айда Жаңа Зеландия атынан шығып жүрген ресейлік Андрей Михайловичпен жолығады.
Андрей бүгінге дейін жеңіліп көрмеген. Кәсіпқой рингте 21 кездесу өткізіп, оның 13-інде нокаутпен ұтты. 26 жастағы Андрей IBF тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа міндетті үміткер саналады. Ал Жәнібек осы белдіктің иегері. Жерлесіміздің еншісінде орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық атақ бар. Енді осыны қорғауы қажет. Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте 15 кездесу өткізіп,15-інде де жеңіске жетті. Соңғы рет былтыр қазан айында АҚШ-та жұдырықтасып, германиялық Винченцо Гуальтьериден басым түскен еді. Жәнібек пен Андрей арасындағы айқас Лас-Вегас қаласында болады.