V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 2500 спортшы келеді

Елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 2500 спортшы, 100 мыңнан астам турист келеді, деп хабарлайды 24kz.

Оларға 32 қонақ үй, 7 спорттық нысан дайындалып жатыр. Астанада өткен «Спорт – бейбітшілік елшісі» көрмесінде Туризм және спорт Вице-министрі Серік Жарасбаев осылай деді. Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызмет күніне және Халықаралық спорт баспасөз қауымдастығының 100 жылдығына орай өткізілген шарада ұлттық спорт түрлері, салауатты өмір салты мен төл мәдениетіміз дәріптелді. Шетелдік дипмиссия өкілдері мен БАҚ қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ дүбірлі дода кезінде Ұлттық музейде халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтетіні мәлім болды.

Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт Вице-министрі:

- Ғылыми-практикалық конференция үш бөлімнен тұрады. Ол бірінші мәдениет, екіншісі спорт, үшіншісі тарих. Қазіргі уақытта 11 елден қатысушылар қызығушылық білдіріп жатыр. Ұлыбританияның, Мажарстанның спикерлері өздерінің баяндамаларын беріп жатыр. Сондықтан ол жақта жаңағы айтқан мәселелерді қарастыру үшін, бізде тек ойындар ғана болмайды. Онда ұлттық спорт түрлерін қалай дамытуға болатынын, бағыттарын талқылаймыз.

Эма Коле, франциялық журналист:

- Меніңше, француз оқырмандарға дәл Олимпиададан кейін өтетін көшпенділер ойыны жайлы білу қызық болғалы тұр. Әрі бұл ойындар ұлттық айдентика мәселесіне тікелей әсер ететін күшке ие деп ойлаймын. Еуропалықтар үшін бұл тың тақырып. Мысалы мен көкпар ойынын көріп қатты таңғалдым. Бұрын-соңды ондай айбынды текетіресті көрмеппін. Тура сондай қызық дүниелер көп болады деп үміттенемін.