Еуропа чемпионатының тарихында гол соққан ең жас футболшы

Еуропа чемпионатының тарихында гол соққан ең жас футболшы

Германияда бір айға жуық футбол мерекесін сый­лаған Еуропа чемпио­на­тының жартылай фи­налдық матчы тартыс­ты өткенін тамашаладық.

Испания құ­рамасы Франция футболшыларын 2:1 есебімен тұқыртып, құрлық до­дасының финалдық тартысына жетті. Әсіресе Ямаль Ламин -  Еуропа чемпионатының тарихында гол соққан ең жас ойыншы атанғаны баршаға аян. Испанияның бақ құралдары бұл баланың он алты жасар оқушы екенін, ойын кезінде де емтихан тапсырып жүгіріп жүргенін жарыса жазып жатыр. Сонымен Ямаль Ламиннің ата- анасы кім, өскен ортасы қандай?

Он үшінші шілде Барселона және футболдан Испания құрамасының өрімдей жас ойыншысы, Еуропа чемпионатындағы әдемі голдың авторы - Ламин Ямаль он жетіге толады. Туған күн қарсаңында испан тілшілері туған әкесін сұхбатқа тартып, ұлының не қалайтынын сұраған. Бір қызығы, баланың әкесі ұлы ойнайтын “Барселона” емес, ұзақ уақыт «Реал Мадридтің» жанкүйері болған екен. Бәлкім “бұл ұлын қамшылау шығар”,- деп болжайды футбол сарапшылары. 

Мунир Насрауи, Ламин Ямальдің әкесі:

- Мен ұлыма сенемін бірақ оны тым мақтамаймын. Туған күніне не қалайды дейсіздер ме? Жақсы сұрақ екен, бізге қазір тек жеңіс керек. Екеумізге де ең үлкен сыйлық осы. 

- Өрімдей жас болса да Ламин Ямаль туған жерін төбеге көтеріп жүреді. Әр кез жеңістен кейін дәл осы санды көрсетуі тегін емес. Бұл Ямаль өмірге келген Барселона маңындағы шағын қалашықтың пошта индекісіндегі соңғы номері.

Ламин Ямаль, "Барселона" ЖӘНЕ Испания құрамасының ойыншысы:

- Мен шыққан жерімді, ол жақтағы достарымды, апамның маған әзірлеп берген дәмді асын ешқашан ұмытпаймын. Мені алға жетелейтін де осы жәйт, олар барда мен бармын. 

Тағы бір қызық жәйт матч пен жаттығу арасындағы үзілісте Ламин Ямаль үй тапсырмасын орындап, емтихан тапсыруға тура келген. Өйткені ол әлі орта мектеп оқушысы. Әрине, жас футболшы сабақты онлайн оқиды, дегенмен, дәрісті өзіне ыңғайлы уақытта жеке мұғалімдерден алып отырған. Осы жазда орта мектепті бітіргенін растайтын емтихан тапсырып, нәтижесін телефон арқылы көрген. Бірден анама хабарласып, уайымдамаңыз, емтихан тапсырылды деп хабарластым дейді ол. 

Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач