Рыбакина финалға шыға алмады
Лондон қаласында теннистен жылдың басты бәсекелерінің бірі Уимблдон турнирі жалғасып жатыр.
Жарыстың кезекті күні әлемдік рейтингте 4-тұрған қазақстандық Елена Рыбакина мен 31-тұрған чехиялық Барбора Крейчикова кездесті.
Матч аса тартысты өтті. Бірінші сетте қазақстандық теннисші 6:3 есебімен алға шықты. Ал екінші сетте чех теннисшісі басымдықты өз қолына алып, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Шешуші үшінші сетте қос теннисші де өте сақ ойнады. Десе де Рыбакина біраз мүмкіндігін ұтымды пайдалана алмады. Ал Барбора керісінше, қарқынын күшейтіп, 6:4 есебімен басым түсті. Осылайша Елена финалға біртабан жетпей жарыс жолынан шығып қалды. Ал Барбора Крейчикова енді Ясмин Паолинимен кездесіп, бас жүлеге таласады.
Айта кетейін, Лондон қаласындағы турнир 14 шілдеге дейін жалғасады. Оның жалпы жүлде қоры рекордттық деңгейге өсті. Яғни, 63 миллион доллар.
«Тобыл» мен «Ақтөбе» есе жіберді
Қазақстандық командалар еурокубокта бірінен соң бірі жеңіліп жатыр.
Мәселен, Қостанайдың «Тобылы» Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Словакияның «Ружемберок» клубынан ұтылды. Матч сырт алаңда өтті және 5:2 есебмен аяқталды. «Тобыл» сапынан Иванович пен Энен мергендік танытты. Тіпті, есепті де қазақстандық тарап ашқан. Ал словакиялық команда 5 доп соқты. Енді қарымта ойын бір аптадан кейін Қостанайда өтеді.
«Ақтөбе» командасы Конференциялар лигасының іріктеу кезеңі аясында өз алаңында Боснияның "Сараево" клубын қабылдаған. Бұнда да Дмитрий Парфенов шәкірттері бірнеше мүмкіндігін мүлт жіберді. Босниялық клуб сапындағы Франсис Кьереме 90-минутта Игорь Шацкий қақпасының осал тұсын тауып, өз командасына жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп: 0:1. Қарымта матч тура бір аптадан кейін сырт алаңда өтеді.
Жалпы, биылғы еуромаусым отандық клубтар үшін сәтсіз болып жатыр. Кеше ғана шымкенттік «Ордабасы» да өз алаңында Молдованың «Петрокуб» командасын қабылдап, қарсыластар қақпасына бірде-бір гол соға алмады.
Маңғыстау қыздары бас жүлдені жеңіп алды
Ұлттық мектеп лигасы аясында бұрымды футболшылар Астанада бас қосып, өзара мықтыны анықтады.
Биылғы байрақты бәсекеге 13 команда жиналды. Ерекшелігі сол бұл бәсеке еліміздің түкпір-түкпіріндегі, әсіресе, шалғай елді мекендердегі талантты қыздардың жолын ашып, кеңінен танылуына мүмкіндік береді. Осы мақсатта жыл басынан ауылдар, аудандар және облыстарда арнайы іріктеу өтті. Енді ең мықты деген командалар елордада кездесті.
7-8-сынып оқушылары арасындағы жарыстың финалына Маңғыстау және Қызылорда облысының командалары шықты. Шешуші мачт аса тартысты өтті және негізгі уақытта бірде-бір гол соғылмады. Ал кездесу соңындағы пенальтилер сериясында батыстан келген команда жеңіске жетті. Қорытынды есеп: 3:1.
Осылайша, бірінші орын – Маңғыстау, екінші орын – Қызылорда, үшінші орын – Алматы командаларына бұйырды.
Шетелдік мамандар шеберлікпен бөлісті
Ақмола облысындағы Щучинск қаласында ерекше форматтағы оқу-жаттығу жиыны өтті.
Оған биатлоннан Австрия және Италия құрамаларының бұрынғы жаттықтырушысы Армин Касслаттар, Норвегия, АҚШ және Швейцария командаларын баптаған Тронд Нистад, Халықаралық Биатлон федерациясының бөлім басшысы және Халықаралық Биатлон федерациясы академиясының басшысы арнайы келді.
Олардың сабағына еліміздің түкпір-түкпірінен 21 жаттықтырушы шақырту алды. Бұған қоса, Грузиядан және Қырғызстаннан келген бапкерлер де бар. Олар шаңғы-биатлон базасында бір апта бойы қысқы спорттың қыр-сырына терең үңіліп, өзара тәжірибе алмасты. Сабақтар теориялық және практикалық бағытта өтті. Қазақстан биатлон федерацимясының өкілдері бұндай дәрістердің маңыздылығы ерекше дейді. Сәйкесінше, алдағы уақытта оны тұрақты ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Жәнібек Әлімханұлы қанша табыс табады?
Жәнібек 167 миллион теңге алады. Қазақстандық кәсіпқой боксшының алдағы жекпе-жегіндегі сыйақысы белгілі болды.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы бірер күннен кейін Жаңа Зеландия атынан шығып жүрген ресейлік Андрей Михайловичпен жолығады.
Sportysalaries.com порталы таратқан ақпаратқа сәйкес, жерлесіміз 350 мың доллар көлемінде табыс табады. Ал қарсыласы екі есе төмен, яғни, 200 мың доллар иеленбек. Бұл жерде жарнамадан түсетін табыс пен демеушілердің төлемдері ескерілмеген. Сәйкесінше, жалпы сома бұдан да көп болуы мүмкін.
Жәнібек пен Андрей арасындағы айқас 13 шілде күні Лас-Вегас қаласында болады.
Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте бүгінге дейін 15 кездесу өткізіп,15-інде де жеңіске жетті. Оның еншісінде орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық атақ бар. Енді соларды қорғауы қажет. Қарсыласы Андрей де жеңіліп көрмеген. Кәсіпқой рингте 21 кездесу өткізіп, оның 13-інде нокаутпен ұтты. 26 жастағы Андрей IBF тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа міндетті үміткер саналады.
Аслан Қаженов, 24.KZ