Е.Рыбакина: Финалға сәл қалғанда жеңілгенім өкінішті

Е.Рыбакина: Финалға сәл қалғанда жеңілгенім өкінішті

Үлкен теннистен Лондонда өтіп жатқан Уимблдон ойындары жексенбі күні аяқталады, деп хабарлайды 24kz.

Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина, өкінішке қарай, финалға шыға алмады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- «Үлкен дулыға» турнирінің үшіншісін тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған жанкүйер жиналды. Ойындарды көру үшін крокет клубының мүшесі болу керек. Қымбат облигация сатып алғандар немесе лотореядан ұтқандар да орталық орындарда отыруға мүмкіндік алады.

Меймандарға дәстүр бойынша кілегей қосылған құлпынай берілді. Сыйлы қонақтардың қатарында Ұлыбритания патшайымы Камилла және басқа да танымал тұлғалар болды. Ал, қатардағы көрермендер стадионға кіру үшін 3 сағаттан 17 сағатқа дейін созылатын ұзын-сонар кезекке тұрды. Көпшілігі тіпті сол маңда шатыр орнатып түнеді.

Гэри Хестер, көрермен:

- Мен әлемге әйгілі ұлы ойыншыларды көруге келдім. Австралияның ашық чемпионатында бірнеше рет болдым, бірақ басқа елдердегі үлкен турнирді бірінші рет тамашалауым.

Жанкүйерлер жуынып-шайыну үшін жақын жерде орналасқан фитнес-клубқа барды. Кезектен жарты сағатқа алыстауға, түнгі оннан кейін жеткізіп беру қызметіне тамаққа тапсырыс беруге рұқсат етілмейді. Бірақ қатаң шектеулер мен ыңғайсыздықтарға қарамастан, тарихы тереңде жатқан теннис турнирін көргісі келетіндер көп.

Айтулы додада Қазақстанның екінші, әлемнің 35-ракеткасы Юлия Путинцева Уимблдон турнирінің ширек финалынан тыс қалды. Ал әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина жартылай финалға жетіп, әлемнің 32-ракеткасы, чехиялық Барбора Крейчиковамен кездесті. Рыбакина екі жыл бұрын Уимблдонда қазақстандықтар арасынан алғаш рет жеңіс тұғырына көтерілсе, бұл жолы асығы алшысынан түспеді.

Елена Рыбакина, Уимблдон жартылай финалисі:

- Финалға сәл қалғанда жеңілгенім өкінішті. Бірақ бұған дейін айтқанымдай, бұл мен үшін жемісті екі апта болды. Соңғы төрт матчты өте жақсы өткіздім. Сондықтан мен қазіргі деңгейіме ризамын.

Рыбакинадан бөлек, 18 жастағы қазақстандық жасөспірімдер де Уимблдон турнирінің ширек финалына жолдама алып, жақсы нәтиже көрсетті. Әйелдер арасындағы финалда чехиялық Барбора Крейчикова италиялық Ясмин Паолинимен кездеседі. Ерлер арасындағы финалда сербиялық Новак Джокович испаниялық Карлос Алькараспен чемпиондық атақты сарапқа салады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы