Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 54 күн қалды
Бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 54 күн қалды.
Байрақты бәсекеге қатысу үшін бас қалаға әлемнің түкпір-түкпірінен спортшылар мен жаттықтырушылар және туристер ағылып келмек. Сондықтан, ұйымдастыру жұмыстары қызу. Сайыста ел намасын қорғайтын Қазақстан ұлттық құрамасының дайындығы да маңызды.
Алты құрлықтың назары Астанаға ауатын күн жақын. Бас қалада бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Қазір елордада дайындық жұмыстары қызған. Басты міндет байрақты бәсекені жоғары деңгейде өткізу. Осы үшін еріктілердің бастамасымен арнайы қор құрылды. Осының өзінде онда 1 млрд теңгеден аса қаржы жиналған. Құрметті қонақтардың келіп, кету билеттері, жарнама, қазақстандық спортшылар мен төрешілердің киімі осы қаржыдан төленеді.
Еркебұлан Ілиясов, Жамбы ату және арқан тарту федерациясының президенті:
- Ұлттық спорт қорын қолдау фондтын аштық. Бұл қор тек ғана біздің компания емес, басқа компания, осы Қазақстандағы ірі-ірі кәсіпорындар да өз көмектерін көрсете алады. Ақшалай жіберіп, өзіміздің ұлттық құрамаға, ұлттық спортымыздың Қазақстандағы дамуына үлестерін қоса алады. Көшпенділер ойынынан кейін де осы біздің еліміздегі кәсіпорындар, кәсіпкерлер болсын құлақтарына жетіп, кейін қызығушылық білдіріп жатса, қорға осындай қолдау, ақшалай жинап шамалы бюджетті көтеруге болады деп отырмыз.
Тойдың болғанынан боладысы қызық. Әзірше 90 елден 2 мыңға жуық спортшы байрақты бәсекеде бақ сынауға өтініш білдірген. Олар 21 спорт түрінен өзара мықтыны анықтайды.
Айбек Сапарқұл, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекциясының бөлімінің басшысы:
- Басқа көшпенділер ойындарымен ерекшелігін айтатын болсақ, енді ең алғаш рет 2014 Қырғызстан Республикасында Ыстықкөлдің маңында өтті. Ол кезде небәрі 19 мемлекет қатысқан болатын. Ал қазіргі таңда географияны көріп отсыздар Солтүстік, Оңтүстік Америка, Автралия барлық құрлық, 90-ға жуық мемлекет қатысамыз деп отыр. Біздің негізгі мақсатмыз осы көшпенділер ойындарының деңгейін көтеру. Фестивалден ресми жанағы кешенді спорт түрлеріне айналдыру болып тұр.
Ұлттық құрама мүшелерін ыңталандыру жұмыстары да ұйымдастырылған. Мәселен, көшпенділер ойынының жүлдегерлері үшін пәтер, көлік секілді бағалы және ақшалай сыйлықтар тағайындалған.
Шернияз Жалғасбекұлы