20 шілде – Халықаралық шахмат күні

Бүгін халықаралық шахмат күні. Осы датаның құрметіне орай 109 елде жарыс өтті.

Бұл әлемдік рекорд саналады. Додадан біздің ел де қалыс қалмай, Халықаралық шахмат федерациясының 100 жылдығына арналған жарысқа үлес қосты. Дүбірлі додаға бес жастағы балдырғаннан торқалы тоқсаннан асқан қартқа дейін қатысып, бақ сынады. Ең көп қатысушы Алматыда жиналды. 

Алматының Атакент орталығында 530 шахматшы бас қосты. Жас категориясына қарай өзара үздікті анықтауға келгендер арасында 16 жастағы Айтуған Оразбай да бар. Жас шахматшы 4 жастан үстел ойынын анасынан үйреніп, түрлі жарыстарға қатысқан. 

Айтуған Оразбай, шахматшы:

- Тоғызыншы сынып кезінде көптеген жарыстардан бірінші орын алдым. Фаворит бьасқа да турнирлерден, шахмат федерациясының тегін турнилерінен де. Мен 16 жасқа дейін бірінші орын аламын деген ойдамын немесе үшінші орынға кіруге талпынып көремін. Мұнда мың адам бар, соның ішінен үшінші орынға талпыныс өте көп.  

Алматыдан өзге 19 өңірде осындай шахмат жарысы өтіп жатыр. Орта есеппен әр қалада 100-ден аса қатысушы бақ сынап келеді. Қатысушылар жас ерекшелігіне сай бірнеше категорияға бөлінген. Әр санаттағы бірінші орын алған 500 мың теңге, екіншісі 300 мың теңге және үштікті түйіндегені 200 мың теңгеге ие болады.

Гүлмира Бекзатқызы, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры:

- Бүгін үлкен мейрам болғандықтан бізде жас шектеулері жоқ. Кішкентай бұлдіршіндерден 5-6 жастан бастап, 91 жастағы қарияларымыз да ойнап жатыр. Сондықтан бәріне арналған арнайы сый-сияпаттарымыз бар. Жүлде қоры 2 миллион теңге. Сонымен қатар әр категория бойынша олар өздерінің жүлделерін ала алады.  

Осылайша отандастарымыз Халықаралық шахмат федерациясының 100 жылдығына және халықаралық шахмат күніне арналған жарысқа қатысып, әлемдік рекорд орнатуға үлес қосты. 

Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов