Бокстан ұлттық құрама Парижге жетті

Қазақстанның бокстан ұлттық құрамасы Олимпиада ойындарына қатысу үшін Парижге барды деп хабарлайды 24kz.

Ел намысын қорғайтын спортшыларымызды әуежайда қалай қарсы алды?

Еліміздің былғары қолғап шеберлерін дипломаттар, Ұлттық Олимпиада комитетітінің өкілдері мен туымыздың ұстауға көмектескен француз шекарашылары күтіп алды. Ұзақ жолдан келген спортшыларымыз сергек, аса қатты шаршамаған секілді. Кішкене үзілістен кейін олар қарқынды жаттығуларын бастап кетеді.

Мырзағали Айтжанов, бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Біз енді арнайы 5-6 күн бұрын ерте келіп жатырмыз. Ауа райына, сағатқа үйрену керек. Ал енді жұмыстарымыз бар. Одан кейін жеребеден кейін жарыс басталады. Жігіттеріміз оған дейін уақытқа үйреніп, кем-кетікпен жұмыс істеп, Олимпиада бірінші рингке шығатындар сәтті бастайды деген сенімдеміз.

Қазақ боксшылары барлық салмақта бақ сынайды. Қыздар сайысында 3 аруымыз бар. Құрам толық әрі тәжірибелі, сондықтан жүлдесіз қайтпаймыз деген үміт басым.

Асланбек Шымбергенов, Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы атынан Ту ұстаушы:

- Енді ең бірінші – жауапкершілік, үлкен жауапкершілік мен үшін және мақтаныш деп айтсам болады. Еліміздің Туын Париж Олимпиадасының төрінде көтеріп шығу.

Боксшыларымыздың шаршы алаңға шығатын күндері ашылу салтанатының алдында өтетін жеребеде белгілі болмақ. Ал жекпе-жектер «Роллан Гаррос» стадионы мен Париждің солтүстік аренасында 27 шілдеде басталады.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан