Қазақ боксшылары Парижге жетті

Париж Олимпиадасы басталмай жатып рекорд тіркелді.

Дүбірлі дода аясында 9 миллионға жуық билет сатылған. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Сәйкесінше қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, оған 30 мыңға жуық адам тартылған.

Жалпы билет сатылымы бойынша осыған дейінгі рекордтық көрсеткіш 1996 жылы Атланта Олимпиадасында тіркелген. Онда 8,3 миллион билет сатылған.

Дзюдошылар Францияда соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр

Қазақстандық дзюдошылар Францияда Олимпиада алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр. Қазір олар Мез қаласында арнайы бағдарлама бойынша дайындықтарын пысықтап жатыр. Отандастарымыздың арасынан бозкілемге алғаш болып жеңіл салмақта Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынова бастап шығады. Қазақ жанкүйерлері дзюдодан жарыстың бірінші күнінде жүлде күтетіні сөзсіз. Себебі соңғы 2 Олимпиаданың алғашқы күндері ел қоржынына осы спорт түрінен медаль түскен еді.    

 

Қазақ боксшылары Парижге жетті

Қазақ боксшылары Парижге жетті. Қазір Олимпиада қалашығына жайғасып, сол жақтың ауа райына бейімделіп жатыр. Осымен былғары қолғап шеберлері Олимпиада ойындарына 3-ші мәрте толық құрамда келіп отыр. Есесіне Мырзағали Айтжанов баптайтын жігіттер 4 жылдықтың басты додасынан ешқашан алтынсыз қайтқан емес. Әр Олимпиадада 2-3 боксшыдан финалға шығып отырған.      

Мырзағали Айтжанов, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

- Біз енді арнайы 5-6 күн бұрын ерте келіп жатырмыз. Ауа райына, сағатқа үйрену үшін. Ал енді 5-6 күнде жұмыстарымыз бар. Жеребеден кейін жарыс басталады. Жігіттеріміз оған дейін уақытқа үйреніп, қатемен жұмыс істеп, рингке бірінші шығатындар Олимпиаданы сәтті бастайды деген сенімдеміз.

Айта кетейік, боксшылардың еншісінде 10 лицензия бар. Оның жетеуі ерлерге, қалған үшеуі әйелдерге тиесілі. Олардың арасынан жарысты бірінші болып 27 шілде күні Мұхаммедсабыр Базарбайұлы бастайды. Әзірге қарсыласының кім екені белгісіз. Барлығы жеребе тарту рәсімінен кейін анықталады.

Асланбек Шымбергенов, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны:

- Мен үшін үлкен жауапкершілік және мақтаныш деп айтсам болады. Еліміздің туын Париж Олимпиадасының төрінде көтеріп шығу.

 

Қазақстандық төрешілер конференция лигасында қазылық етеді

Футболдан қазақстандық төрешілер конференция лигасы аясындағы матчтарда қазылық етеді. Олар өз қызметін аталмыш турнирдің 2-ші іріктеу кезеңінен жалғастырады. Саят Қарабаев бастаған төрешілер бригадасы «Динамо Батуми» мен «Дечич» арасындағы ойынды басқарады. Ал Данияр Сахи бастаған төрешілер «Хапоэль» мен «Черно море» арасындағы ойында қазылық етеді.