Астанада аналар футбол клубы құрылды

Астанада алғаш рет аналардың футбол клубы ашылды деп хабарлайды 24kz.

Жаңадан жасақталған құрам қаладағы №37 мектеп-лицейінде жаттықтырылатын болады. «Мұндай ерекше ойыншылар тобы елімізде бұрын-соңды кездеспеген», - дейді мектеп ұжымы. Жаңа футбол командасының бағыты мен болашағы жайлы тілшіміз біліп қайтты.

Мөлдір Молдағали, тілші:

- Футбол алаңында жүгірген бұл аналардың ала доппен достасқанына екі айдан асқан. Көп уақыт өтпесе де, команда мүшелерінің ептілікпен ойнап жүргенін байқауға болады. Осылайша, футболға бет бұрған аналар балаларының спортқа деген ынта-жігерін көтергісі келеді.

Любовь Ильина, ата-ана:

- Балаларды спортқа баулу үшін өзіміз үлгі көрсетуіміз керек. Олар бізді қандай да бір әрекетке ынталандырса, біз де өз ісімізбен өнеге боламыз. Сондықтан дені сау ұрпақ қалыптастыруда бұл керемет ұсыныс деп білемін.

Жанерке Перме, жаттықтырушы:

- Ата-аналардың құрамасын аштық. Балаларымызға мотивация болсын дедік. Бұл балалар 3-4 жылдан аса менде тренировка жасайды. Мен оларды жаттықтырып, дайындаймын турнирлерге.

Иә, командадағы аналардың ешқайсысы бұрын-соңды футболға қызықпаған. Алайда топ құру туралы ұсынысты қабыл алып, спортпен айналысқалы жан-жақты пайдасын да көріп үлгеріпті.

Светлана Зая, ата-ана:

- Бұл дегеніміз тәртіп, дұрыс тамақтану, соның арқасында салмақ тастадым. Хобби пайда болды. Балама да өте қызық болып жүр. Екеуіміз бұрынғыдан етене жақын болып кеттік.

Аналардың футбол ойнағанына бәрінен де балалар қуанышты. Әр ойын сайын олар осылай жанкүйер болып, аналарына қолдау білдіреді.

«Аналар командасын құру мектеп пен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты да күшейте түсті», - дейді мектеп директоры.

Гүлжан Төлеу, С.Мәулен атындағы №37 мектеп-лицей директоры:

- Біз алғаш құндылықтарға негізделген білім беру деген керемет жақсы жоба бар. Осы жобаның аясында ата-анамен қарым-қатынасты құруда не істей аламыз деген сұрақтар қойылды. Осы сұрақтарға жауап беру мақсатында біз қазіргі таңда екі жылдан аса уақыт ата-аналармен түрлі жұмыстар жүргізіп келе жатырмыз. Бүгінгі футбол командасы соның бір ғана нәтижесі деп айтуға болады.

Алғашқыда баламыздың спортқа деген ынтасын көтереміз деп ниеттенген команда енді халықаралық турнирге дайындалып жатыр. Бапкердің айтуынша, Мәскеудегі дәл осындай аналар футбол клубынан шақырту түскен. Кішкентай бастамадан құрылған бұл топтың алдағы мақсаты енді биік болмақ.

Авторлары: Мөлдір Молдағали, Жандос Битабаров,