Көшпенділер ойындары алдында көкпарға VAR жүйесі енгізілді
V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны алдында көкпарға VAR жүйесі енгізілді деп хабарлайды 24kz.
Айтулы бәсекенің абыройлы әрі әділ өтуі үшін ат спортына заманауи шешімдер қабылданды. Бұл туралы Шымкентте өтіп жатқан халықаралық семинар-тренингте айтылды. Төрешілердің кәсіби біліктілігін жетілдіру жиынына еліміздің қазылары мен Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Ресей, Түркия, Мажарстан, Грузия және Пәкістан мемлекеттерінен 35 маман шақырту алды. Олар ұлттық спортты жоғары деңгейде өткізу үшін 4 күн бойы теориялық және практикалық сабақтарға қатысады. Жалпы ойынның жаңа ережесі мен рұқсат етілген және тыйым салынған әдіс-тәсілдер түсіндіріледі.
Айта кетейік, көкпар додасына қатысуға 12 мемлекеттің құрама командасы атынан өтініш берілді.
Ғани Ахметбаев, көкпардан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас төрешісі:
- Қайта көру мүмкіндігі жаңа ережеге кіріп отыр. Содан кейін дрон операторы, қосымша комментатордың қасында арнайы мамандар қызмет жасайды. Келіспеген жағдайда, додама жағдайда тоқтатып, дұрыс немесе дұрыс емес шешімдердің бәрін айта алатын үлкен мүмкіндіктеріміз бар.
Мұратбек Қыпшақбаев, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу және дайындау дирекциясы басшысының орынбасары:
- Өзіміздің ұлттық құрама командамыз бен Қырғызстан Республикасының ұлттық құрама командасы нақты өздерінің аттарымен келетін болды. Біз қалған қатысушыларға ұйымдастыру дирекциясы толық атпен қамтамасыз етеміз. Одан бөлек, ертоқымдар мен әбзелдермен, киімдерді дирекция қамтамасыз ететін болады.