Олимпиада-2024: қазақстандық боксшылардың қарсыластары анықталды

Бүгін төрткүл дүние асыға күткен төртжылдықтың басты додасы XXXIII жазғы Олимпиада ойындары басталады, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір әлем назары Парижде. Жаһанның 10 мыңнан астам спортшысы Франция төрінде бас қосып, өзара мықтыларды анықтайды. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. Париж Олимпиадасының алауы тұтанбай жатып, кейбір спорт түрлерінен жарыстар басталып кетті.  

Садақ атудан рейтингілік раунд аяқталды

Париж Олимпиадасында садақ атудан рейтингілік раунд аяқталды. Отандастарымыз арасынан Дәулеткелді Жаңбырбай 22-ші, Ильфат Абдуллин 29-шы, Александр Еременко 59-орынға жайғасты. Енді турнир кестесі жасақталып, плей-офта кездесетін қарсыластар анықталады. Садақ атудан 64 спортшы жүлдеге таласып жатыр.

 

Рыбакина Олимпиада ойындарына қатыспайды

Теннистен әлемнің 4-ші ракеткасы Елена Рыбакина Париж Олимпиадасына қатыспайды. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы ресми хабарлады. Спортшының жазғы ойындардан тыс қалуына денсаулығының сыр беруі себеп. Дәрігерлер оған жарысқа қатыспақ түгілі, додаға ұшып келуіне қатаң тыйым салыпты. Кеше ғана оның алғашқы қарсыласы анықталған еді. Ол румыниялық спортшымен кездесу керек болатын.

Диас Ахметшәріп, ҚР Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі кеңесшісі:

- Дәрігерлер оған бронхит деген диагноз қойып отыр. Яғни, тыныс жолдарының қабынуы. Еланаға жарыс жолына шығуға және Парижге аттануға қатаң тыйым салынып отыр. Ол қазір дәрігерлердің бақылауында. Толыққанды ем-дом алып жатыр. Әрине, өкінішті. Біз Еленадан жүлде күткен едік. Ол әлемдік үздіктер қатарында. Бірақ ең алдымен денсаулық, сол себепті біз Рыбакинаға тез сауығып кетуге тілектеспіз.

 

Боксшылардың қарсыластары анықталды

Қазақстандық боксшылардың алғашқы қарсыластары белгілі болды. Жеребе тарту нәтижесінде 51 келідегі Сәкен Бибосынов түркиялық Самид Кумушпен жұдырықтасады. Ал Махмұд Сабырхан мен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы бірінші жекпе-жектерін испаниялық спортшыларға қарсы өткізеді. 71 келідегі Асланбек Шымбергенов иорданиялық, Нұрбек Оралбай австралиялық, Айбек Оралбай нигериялық боксшылармен кездесіп, өзара мықтыны анықтайды. Сондай-ақ аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевтың жолы испандық спортшымен түйісіп, келесі кезең жолдамасын сарапқа салады. Ал әйелдерден Назым Қызайбай италиялық боксшымен кездессе, Карина Ибрагимова Пуэрто-Рико өкілімен жұдырықтасады. Ал Валентина Хальзова Панама спортшысымен кездеседі. Былғары қолғап шеберлерінен жарыс жолына алғаш болып 63,5 келідегі Мұхаммедсабыр Базарбайұлы бастап шығады. Оның жекпе-жегі ертеңге жоспарланған.

 

Спортшыларға қолдау көрсетілді

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев пен Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкин Париждегі олимпиадалық ауылға барды. Олар отандық спортшылармен кездесіп, байрақты бәсекеде сәттілік тіледі. Әрі қарай қалашықты аралап, жерлестеріміздің жағдайымен танысты. Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы сапында 80 атлет спорттың 25 түрінен сынға түседі.